ҚАЗАҚСТАНДА ӘРБІР ТӨРТІНШІ ДӘРІЛІК ПРЕПАРАТТЫҢ БАҒАСЫ ТӨМЕНДЕДІ – ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

    Қазақстанда дәрілік препараттардың 3 073 атауының 799-ына бағаның төмендегені тіркелді. Бұл олардың жалпы санының 26%-ын құрайды. Осылайша, әрбір төртінші дәрілік препараттың бағасы төмендеген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді.

    Министрдің айтуынша, халық үшін дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі басым бағыттарының бірі болып қала береді.

    «Біздің басты міндетіміз – сапалы әрі қауіпсіз дәрілік заттарды әрбір қазақстандық үшін қолжетімді ету. Азаматтар қажетті препараттарды қолайлы бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Мемлекет қабылдап жатқан шаралар дәл осы мақсатқа бағытталған», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

    Фармацевтикалық нарыққа жүргізілген цифрлық мониторинг нәтижесінде бағаның оң динамикасы анықталды. Бұл ретте айналымдағы дәрілік заттардың жартысынан астамының бағасы тұрақты деңгейде сақталуда.

    Дәрілік препараттардың баға тұрғысынан қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын іске асыруда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті маңызды рөл атқарады. Комитет өз қызметі аясында дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру, белгіленген талаптардың сақталуына мониторинг жүргізу және фармацевтикалық нарықтағы баға белгілеу үдерісінің ашықтығын арттыру бағытында жұмыс жүргізуде.

    Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу тәсілдері қайта қаралды. Атап айтқанда, рецептісіз босатылатын дәрілік препараттарға, сондай-ақ құны бір айлық есептік көрсеткіштен төмен рецептімен берілетін дәрілік заттарға бағаны реттеу алынып тасталды.

    Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың айналымына цифрлық бақылауды күшейтті. Енгізілген таңбалау жүйесі препараттардың қозғалысын қадағалауға, олардың қолда бар-жоғын бақылауға және белгіленген шекті бағалардың асып кету фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.

    Фармация комитеті фармацевтикалық нарық мониторингінің тиімділігін арттыру мақсатында цифрлық құралдарды пайдалану бойынша жұмыс жүргізуде. Дәрілік препараттардың қозғалысы мен бөлшек саудадағы бағасы туралы деректерді талдау ықтимал заңбұзушылықтарды анықтауға, баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етуге және белгіленген талаптардың сақталуын бақылау тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

    Бақылаудың қосымша құралдары азаматтар үшін де қолжетімді. eGov Mobile және «Нақты өнім» мобильді қосымшалары арқылы қазақстандықтар дәрілік препарат, оны өндіруші және бөлшек саудадағы шекті бағасы туралы ақпаратты тексере алады. Ал заңбұзушылықтар анықталған жағдайда Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш жолдау мүмкіндігі бар.

    «Дәрілік заттардың баға тұрғысынан қолжетімділігін қамтамасыз ету – жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Фармация комитеті бағаны реттеу тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп, фармацевтикалық нарыққа цифрлық мониторинг жүргізуді және белгіленген шекті бөлшек сауда бағаларының сақталуын бақылауды күшейтіп келеді. Цифрлық құралдарды енгізу дәрілік препараттар айналымының ашықтығын арттыруға, заңбұзушылықтарды уақтылы анықтауға және қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз – дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін сақтай отырып, халық үшін олардың экономикалық қолжетімділігі мен фармацевтикалық нарықтың тұрақты жұмыс істеуі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету», – деп атап өттіҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.

    Дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру, баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету және пациенттердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасады.

    Дереккөз: https://www.gov.kz/org/dsm/press/news/details/1322556?lang=kk

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті" жаңалықтары