Халықты сапалы, тиімді дәрілік заттармен қамтамасыз ету және оларды бақылаусыз қолданудан туындайтын қауіптердің алдын алу – еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеттерінің бірі.
Емнің қауіпсіз әрі тиімді болуы үшін дәрілік заттарды тағайындау және беру қағидаларын сақтау маңызды. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, кейбір дәрілік заттарды дәрігердің рецептісінсіз сатып алуға болады, ал басқалары тек рецепт арқылы беріледі.
Рецептпен берілетін дәрілік заттарға бактерияға қарсы, гормондық және басқа да препараттар жатады. Оларды қолдану үшін медициналық көрсетілімдер болуы және медицина мамандарының бақылауы қажет.
Дәрілік заттарды дұрыс қолданбау немесе бақылаусыз қабылдау денсаулыққа зиян келтіріп, жанама әсерлерге, препараттардың бір-бірімен жағымсыз әсерлесуіне және түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін. Әсіресе антибиотиктерді бақылаусыз қолдану қауіпті. Бұл микроорганизмдердің бактерияға қарсы препараттарға төзімділігін арттырып,жұқпалы ауруларды емдеу тиімділігінтөмендетеді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің аумақтық департаменттері фармация нарығына қатысушылар арасында рецептпен берілетін дәрілік заттарды босату қағидаларын тұрақты түрде түсіндіріп отырады. Бұл ретте заң талаптарының сақталуына және дәріханаларда мұндай дәрілік заттардың тиісті рецептісіз берілмеуіне ерекше назар аударылады.
Түсіндіру жұмыстарымен қатар, дәріханаларда дәрілік заттарды сату талаптарының сақталуы да тексеріледі. 2026 жылдың 9 айында дәрілерді рецептісіз сату фактілері бойынша 79 әкімшілік хаттама толтырылды. Хаттамаларда көрсетілген жалпы сома 17,2 млн теңгені құрады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, рецептпен берілетін дәрілік заттарды дәріханадан тек белгіленген тәртіппен рәсімделген рецепт болған жағдайда ғана алуға болады.
Рецепттерді жазып беру, есепке алу және сақтау тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 2 қазандағы № ҚР ДСМ-112/2020 «Рецепттерді жазып беру, есепке алу және сақтау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен реттеледі.Медицина қызметкерлері өз құзыреті шегінде және тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда белгіленген талаптарды сақтай отырып, қағаз және (немесе) электронды түрде рецепт жазады.
Медицина қызметкерлері дәрілік заттарды тағайындау кезінде тиісті құжаттарды дұрыс рәсімдеуге, ал дәріхана қызметкерлері дәрілерді босатудың белгіленген тәртібін сақтауға міндетті. Бұл талаптарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті дәріхана басшылары мен қызметкерлеріне рецептпен берілетін дәрілік заттарды босатудың белгіленген қағидаларын қатаң сақтауды ұсынады.
Ал азаматтарға өзін-өзі емдеуден аулақ болып, рецептпен берілетін дәрілік заттарды тек дәрігердің тағайындауы бойынша қабылдау және оның ұсынымдарын орындау ұсынылады. Дәрілік заттардыдұрысқолдану денсаулыққа зиян келтіру қаупін азайтып, емнің тиімділігін арттыруға көмектеседі.





