2026 ЖЫЛДЫҢ БАСЫНАН БЕРІ ҚАЗАҚСТАНДА 1 048 ДӘРІЛІК ПРЕПАРАТ ТІРКЕЛДІ

    Қазақстанда дәрілік препараттарды тіркеу үдерісі жеңілдеп, оларды нарыққа шығару мерзімі қысқаруда. Бұл халықтың заманауи дәрі-дәрмектерге қол жеткізуін жеделдетуге мүмкіндік береді.

    2026 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі жаңа дәрілік препараттарды тіркеу кезінде «бір терезе» қағидаты бойынша жаңа қызметті енгізді. Енді сараптама жүргізу, дәріні тіркеу және оның бағасын реттеу бір жүйе арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде тіркеу куәлігін алу мерзімі бұрынғы екі жылға дейінгі уақыттан 15 жұмыс күніне дейін қысқарды.

    Сонымен қатар, дәрілік заттарды тіркеудің жеделдетілген тәртібі аясында қатаң талаптары бар елдерден жеткізілетін 16 дәрілік препарат пен медициналық бұйым тіркелді.

    2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда барлығы 1 048 тіркеу куәлігі берілді. Бұл – 2025 жылдың бүкіл жылындағы көрсеткіштен жоғары нәтиже.

    Тіркелген дәрілік препараттардың саны бойынша Қазақстан Армениядан 82%-ға, Беларусьтен 77%-ға және Қырғызстаннан 15,5%-ға жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

    Дәрілерді сараптау үдерісін жеделдету үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары да жүргізілуде. Бұл технологиялар құжаттарды талдауды жеңілдетіп, өтінімдерді қарау мерзімін қысқартуға көмектеседі.

    Келесі кезеңде дәрілік препараттарды Бірыңғай дистрибьютордың және амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізіміне енгізу үдерісін цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау көзделген.

    Фармация комитеті дәрілік препараттарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету, сараптама жүргізу мерзімдерін қысқарту және осы салаға цифрлық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

    Бұл шаралар дәрілік препараттардың сапасы, қауіпсіздігі мен тиімділігіне қойылатын талаптарды сақтай отырып, оларды тіркеу үдерісін жеделдетуге және артық бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған. Негізгі мақсат – заманауи дәрілердің Қазақстан нарығына тезірек шығуына және халықтың қажетті дәрілік препараттарға уақытылы қол жеткізуіне жағдай жасау.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті" жаңалықтары