София, 2026 жылғы 20 қазан –Қазақстан мен Болгария мемлекеттері басшыларының уағдаластықтарын іске асыру аясында Софияда бірлескен Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылып, оның алғашқы отырысы өтті.
Іс-шараға екі елдің жетекші компанияларының 50-ден астам өкілі қатысты. Аталған отырыс ҚР Сыртқы сауда палатасы және Болгария сауда-өнеркәсіп палатасының (БСӨП), сондай-ақ Қазақстанның Болгариядағы Елшілігі мен екі елдің 40-қа жуық бизнес өкілін біріктіретін Қазақстан-Болгария сауда-өнеркәсіп палатасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев екі ел көшбасшыларының бастамасымен құрылған Іскерлік кеңес екіжақты сауданы дамыту, инвестициялар тарту және бірлескен жобаларды ілгерілетудің практикалық құралына айналатынын атап өтті.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары, ҚССП Басқарма Төрағасы, Іскерлік кеңестің қазақстандық бөлігінің төрағасыМұрат Қарымсақовқатысушыларды екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективалары туралы хабардар етіп, ауыл шаруашылығы, IT, көлік, логистика және басқа да салаларға назар аударды.
Өз кезегінде БСӨП төрағасы Цветан Симеонов Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық рөлін атап өтіп, шетелдік компаниялардың елде табысты қызмет етуіне ықпал ететін елдің тиімді сыртқы экономикалық саясатының маңыздылығын атап көрсетті.
B2B-кездесулер барысында іскер топтардың өкілдері агроиндустрия, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика, IT және басқа да салалардағы перспективалы бірлескен жобаларды талқылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар тікелей коммерциялық байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобалар портфелін кеңейтуге уағдаласты.
2026 ж. бірінші жартыжылдығында Қазақстанға салынған болгар инвестицияларының көлемі екі есеге жуық өсіп, 9,2 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанда болгар капиталының қатысуымен 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді.








