Түркістан облысының Келес ауданында минералды су өндіретін жаңа кәсіпорын іске қосылуға дайындалуда. Жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнімнің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданына жұмыс сапары барысында Жүзімдік ауылдық округіндегі «SARYAGASH SU ONIMDERI» ЖШС-нің өндірістік нысанында болды. Өңір басшысы кәсіпорынның құрылыс барысымен танысып, кәсіпкермен кездесуде жобаның жүзеге асырылу барысын, өндірістік жабдықтардың жеткізілуі мен кәсіпорынды іске қосу мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі жауапты сала басшыларына кәсіпорынның толыққанды жұмыс істеуіне қажетті мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
– Мұндай инвестициялық жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Біз кәсіпкерлердің бастамаларын қолдап, инвестициялық жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуына жағдай жасауымыз қажет. Ең бастысы, өндірісте отандық өнімнің үлесін арттырып, экспорттық әлеуетті дамытуға басымдық беруіміз керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Жоба Келес ауданының Жүзімдік ауылдық округіне қарасты Жүзімдік елді мекенінде жүзеге асырылуда. Өндірістік ғимараттың жалпы ауданы – 2 103 шаршы метр. Инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Кәсіпорын үшін құны 2 млн АҚШ долларын құрайтын заманауи өндірістік жабдықтар Қытайдың «XINJIANG YELIDA INTERNATIONAL TRADE CO LTD» компаниясынан сатып алынған. Кәсіпорын газдалған және газдалмаған минералды су өндіруге, сондай-ақ дайын өнімді экспорттауға бағытталған.
Зауыт құрылысы 2025 жылдың наурыз айында басталған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толық аяқталған.
Жоба аясында 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл ауыл тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін қалыптастырып, жергілікті экономиканың дамуына серпін беретін маңызды бастама.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









