2026ж. 1 қазаннан бастап Қазақстан Республикасында ірі көлемдегі салық берешегі болған жағдайда жекелеген санаттағы тұлғалардың елден шығуына уақытша шектеу қою шарасы қолданылады.
Бұл шара кімдерге қатысты және қандай жағдайларда қолданылады?
ШЕКТЕУ ҚОЛДАНУДЫҢ НЕГІЗГІ ШАРТТАРЫ
Елден шығуға уақытша шектеу мынадай талаптар бір мезгілде сақталған жағдайда қолданылуы мүмкін:
Берешек сомасы – 27000 АЕК-тен астам (116 млн теңгеден жоғары).
Төлемеу мерзімі – берешек туындаған күннен бастап үш айдан астам уақыт.
ШЕКТЕУ КІМДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚОЛДАНЫЛАДЫ?
Бұл шара мына тұлғаларға қатысты қолданылады:
жеке кәсіпкерлерге (ЖК);
жеке практикамен айналысатын тұлғаларға;
заңды тұлғалардың бірінші басшыларына немесе олардың міндетін атқарушыларға.
ШЕКТЕУ ҚАЛАЙ ЕНГІЗІЛЕДІ?
Елден шығуға уақытша шектеу автоматты түрде қойылмайды.
Мемлекеттік кірістер органы тиісті қаулы шығарып, оны соттың санкциясын алу үшін сотқа жолдайды. Сот санкциясы алынғаннан кейін ғана елден шығуға уақытша шектеу қолданылады.
ШЕКТЕУ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА АЛЫНЫП ТАСТАЛАДЫ?
Шектеу салық берешегі толық өтелгеннен кейін ғана алынады.
Назар аударыңыз! Берешектің бір бөлігін төлеу немесе оның сомасын белгіленген шекті мөлшерден төмендету шектеуді алып тастауға өздігінен негіз болып табылмайды.
ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙЛАРДА ЕРЕКШЕЛІКТЕР ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?
Жекелеген жағдайларда сот шешімімен шектеудің қолданылуы уақытша тоқтатыла тұруы мүмкін. Атап айтқанда:
растайтын құжаттар болған жағдайда шетелге емделуге бару қажеттілігі туындаса;
сот актілеріне сәйкес банкроттық немесе тарату рәсімдері жүргізілген кезде.
МАҢЫЗДЫ!
Ұйым басшылары мен жеке кәсіпкерлерге салық міндеттемелерінің орындалуын уақтылы тексеріп, салық берешегінің туындауына жол бермеу және оны өтеу бойынша тиісті шаралар қабылдау ұсынылады.
Салық міндеттемелерін уақытылы орындау қосымша шектеулер мен жағымсыз салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









