Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов Іле ауданы Нұрғиса Тілендиев ауылында жаңа әмбебап ауылдық құтқару бөлімшесін ашты.
Нысан бірнеше айдың ішінде меценаттың қолдауымен салынған. Мұнда халыққа жедел көмек көрсету мақсатында шұғыл қызметтердің күштері мен құралдары бір аумақта шоғырландырылған.
Бөлімшеде ТЖМ-нің «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдар, жедел медициналық жәрдем бригадасы және учаскелік полиция пункті орналасқан. Қызметтердің бір жерде шоғырлануы оқиғаларға ден қою уақытын қысқартып, тұрғындарға шұғыл көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аумақта спортпен шұғылдануға арналған воркаут алаңы жабдықталған.
Жаңа бөлімше шамамен 20 мың тұрғыны бар халық тығыз қоныстанған елді мекенде орналасқан. Оның мүмкіндіктері көршілес ауылдық округтердің елді мекендерін де қамтуға есептелген. Салтанатты ашылу рәсімі барысында жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс хаттар мен грамоталар табысталды.
Алматы облысының басқа да елді мекендерінде әмбебап құтқару бөлімшелерін ашу жұмыстары жалғасады. Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар мен меценаттардың бірлескен жұмысы ауылдық аумақтарды шұғыл қызметтермен қамту аясын кеңейтіп, өңір тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









