Бурабайда халықаралық деңгейдегі заманауи конгресс-орталықтың құрылысы басталды

    1 / 9

    Бурабай курорттық аймағында Ақмола облысының туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі жүзеге асырыла бастады. Облыс әкімі Марат Ахметжанов көпфункционалды конгресс-орталықтың құрылысын бастап берді. Жаңа нысан халықаралық форумдар, іскерлік кездесулер, көрмелер мен ауқымды мәдени іс-шараларды өткізуге арналған заманауи алаңға айналады.

    Жоба Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл – Бурабайды жыл бойы туристерді қабылдайтын орталық ретінде қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

    «Бұл – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бой көтеретін алғашқы нысандардың бірі. Бурабай Қазақстандағы туризмді дамытудың үш басым орталығының қатарына кіреді және бірегей табиғи әлеуетке ие. Бүгінде оның демалыс орны ретіндегі тартымдылығын сақтап қана қоймай, жыл он екі ай бойы қонақ қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа инфрақұрылым қалыптастыру маңызды. Конгресс-орталық іскерлік және оқиғалық туризмді дамытуға жол ашып, курорттың туристік бағыт ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

    Жаңа кешен MICE-туризмді дамытуда да ерекше рөл атқарады. Бұл бағыт іскерлік кездесулер, конференциялар, көрмелер мен корпоративтік іс-шараларды ұйымдастыруды қамтиды. Осындай ауқымды алаңның пайда болуы өңірге халықаралық ұйымдарды, іскерлік қауымдастықтар мен кәсіби бірлестіктерді тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар туристер ағынын маусымаралық кезеңде де арттырып, қонақүйлердің, шипажайлар мен өзге де туристік нысандардың жыл бойы тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етеді.

    «Жобаның туристік маңызымен қатар, экономикалық әсері де зор. Оның іске асырылуы шағын және орта бизнестің, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану және көлік салаларының дамуына серпін береді. Бұл – жаңа жұмыс орындары, қосымша инвестициялар және жергілікті кәсіпкерлер үшін тың мүмкіндіктер», – деді облыс әкімі.

    Кешеннің жалпы ауданы 12,8 мың шаршы метрді құрайды. Жобада 1000 орындық көрермен залы, 160 адамға арналған конференц-зал, көрме алаңдары, мультимедиялық зал, кафе, сондай-ақ қолданбалы өнер шеберханалары мен креативті индустрияларды дамытуға арналған студиялар қарастырылған.

    Орталықтың маңызды бөлігінің бірі – 10 мың экспонатқа арналған «Қазақстан панорамасы: өңірлер музейлері» экспозициясы. Ол заманауи цифрлық форматта еліміздің әр өңірінің тарихи-мәдени мұрасын таныстырып, Бурабай тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа танымдық кеңістікке айналады.

    Осылайша, конгресс-орталық іскерлік, мәдени және көрме бағыттарын бір арнаға тоғыстырады. Оның ашылуы курорттың туристік мүмкіндіктерін кеңейтіп, Бурабайды табиғат аясында демалуды ұнататындармен қатар, халықаралық іс-шаралар мен іскерлік форумдарға қатысушылар үшін де тартымды орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары