Астанада Ақаба процесінің саммиті өтті

    1 / 4

    2026 ж. 6 қарашада Астанада Ақаба процесінің «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған саммиті өтті.

    Іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің тең төрағалығымен өтті.

    Саммитке Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Ұлттық жиналысының спикері Сахиба Гафарова, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

    Саммитке қатысушылардың негізгі назары жасанды интеллектінің қауіпсіз, этикалық және орнықты экожүйелерін қалыптастыруға байланысты өзара сабақтас мүмкіндіктер мен сын-қатерлерді қарастыруға, сондай-ақ жасанды интеллектінің дамуына байланысты туындайтын қауіпсіздік қатерлеріне ден қоюдың өңірлік үйлестірілген тәсілін әзірлеуге аударылды.

    Саммиттің өткізілуі Астананың қазіргі заманның өзекті мәселелері бойынша диалог жүргізуге арналған беделді халықаралық алаң ретіндегі мәртебесін нығайтты. Сонымен қатар бұл іс-шара Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа сын-қатерлерге қарсы тұрудағы өңірдің ұжымдық әлеуетін арттыруға қосымша мүмкіндіктер ашты.

    Іс-шараның Қазақстан мен Иорданияның бірлесіп өткізуі екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сенім мен стратегиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді. Саммит қарсаңында Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн Қазақстанға ресми сапармен келді.

    Анықтама: Ақаба процесі (Aqaba Process) – Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн 2015 жылы көтерген терроризмге және зорлықшыл экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық бастама.

    Ақаба процесінің атауы Иорданияның Ақаба қаласымен байланысты. Дәл осы қалада бастама аясындағы алғашқы кездесулер өткен. Ақаба процесі халықаралық ұйым да, әскери одақ та емес. Ол жоғары деңгейдегі бейресми диалог алаңы болып табылады.

    Оның іс-шараларына мемлекеттер басшылары, үкімет өкілдері, халықаралық ұйымдардың, арнайы қызметтер мен әскери ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы қатысады.

    Ақаба процесінің маңызды ерекшелігі – талқылаулардың едәуір бөлігінің жабық әрі сенімді жағдайда өткізілуі. Бұл қатысушыларға қауіп-қатерлерге қатысты бағаларымен алмасуға және оларды бейтараптандыру жөніндегі тәсілдерді келісуге мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Словак Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары