Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары туралы

    1 / 7

    2026 жылғы 11-14 қазан аралығында Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапары өтті. Бельгия делегациясының құрамына үкімет пен өңірлік билік органдарының, іскер топтар мен академиялық қауымдастықтың 110-ға жуық өкілі кірді.

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен келіссөздер барысында тараптар Қазақстан-Бельгия қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік-логистика және технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Сонымен қатар Қазақстан мен Бельгияның сыртқы істер министрліктері арасындағы 2027-2029 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойылды.

    Тараптар денсаулық сақтау саласындағы, оның ішінде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің (МСАК) рөлін арттыру бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын да қарастырды. Бірлескен мәлімдемеде Қазақстан мен Бенилюкс елдері арасындағы қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманың күшіне енгені атап өтілді.

    «Қазақстан – Бельгия» іскерлік кеңесінің IV отырысы аясында тараптар инвестициялар тарту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және көлік инфрақұрылымын жетілдіру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға, оның ішінде Антверпен-Брюгге порты мен Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ аса маңызды шикізат, шикізатты терең өңдеу және энергетика салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Қазақстан Еуропалық одақ аса маңызды шикізатқа жатқызатын 34 түрдің 21-ін өндіреді.

    Сапар қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық қатынастардың оң серпінін және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің елеулі әлеуетін атап өтті. Бельгия Қазақстан экономикасына инвестиция салатын он ірі елдің қатарына кіреді. 2005–2025 жылдар аралығында Бельгиядан Қазақстанға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 14,5 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 76 кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 582,4 млн АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 28%-ға өсті.

    Қазақстан-Бельгия ректорлар форумына екі елдің 29 университеті мен ғылыми-зерттеу ұйымының басшылары қатысты. Форум аясында екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту, сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы цифрлық трансформация бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Іс-шара қорытындысы бойынша қазақстандық және бельгиялық жоғары оқу орындары мен ұйымдар арасында 20-дан астам құжатқа қол қойылды.

    Сапар қорытындысы Қазақстан мен Бельгия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты. 2027–2029 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жоспарлау, сондай-ақ білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы бірлескен бастамаларды дамыту екі ел арасындағы әріптестікті нығайтуға және оның бағыттарын әртараптандыруға негіз болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Словак Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары