Мемлекет басшысы NVIDIA басшысы сапарының екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтіп, оның отандық жасанды интеллект экожүйесін дамытуға қосқан үлесіне ризашылық білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды ұлттық басымдық ретінде атады, сондай-ақ биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын еске салды.
Мемлекет басшысы NVIDIA мен Higgsfield компаниялары арасындағы әріптестікті қуаттайды. Оның айтуынша, халқымыз аталған компанияның отандық технологиялық жобаларға атсалысқанын құп көреді.
NVIDIA жетекшісі Президенттің жаңа өнеркәсіптік революцияның бастапқы кезеңінде Қазақстанды жасанды интеллект елі ретінде өркендету жөніндегі стратегиялық мақсатын жоғары бағалады. Бұл бастама жасанды интеллектіні дамытуға және оны кеңінен енгізуге бағытталған. Бұдан бөлек, компания басшысы Қазақстанды Physical AI әлемдік хабына айналдыруды ұсынды.
Сондай-ақ ол NVIDIA компаниясының елімізбен ықпалдастығы аясында кейінгі жылдары елеулі табысқа қол жеткізілгеніне, технологиялық соның ішінде Firebird AI KZ Ltd және «Қазақтелеком» компаниялармен байланыстар нығая түскеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллектінің дамуына үлес қосқаны үшін Дженсен Хуангты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.









