Братиславаның тарихи орталығында Азия елдерінің мәдениеті мен дәстүрлерін таныстыруға арналған Asian Day халықаралық мәдени фестивалі өтті. Іс-шараға Қазақстан, Вьетнам, Жапония, Индонезия, Қытай, Палестина және Үндістанның дипломатиялық өкілдіктері қатысты.
Фестиваль Азия халықтарының мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға, сондай-ақ Словакия астанасының тұрғындары мен қонақтарын қатысушы елдердің ұлттық дәстүрлері және өнерімен таныстыруға бағытталды.
Іс-шара аясында қатысушы мемлекеттердің ұлттық тұрмыс бұйымдары, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, кәдесыйлары мен дәстүрлі тағамдары ұсынылды. Көрме келушілерге әр елдің мәдени ерекшеліктерімен, салт-дәстүрлерімен және ұлттық асханасымен танысуға мүмкіндік берді.
Фестиваль бағдарламасында концерттік қойылымдарға да ерекше орын берілді. Қазақстанның мәдени бағдарламасы аясында ұлттық музыкалық мұра мен заманауи өнер үлгілері таныстырылды. Домбырамен орындалған күйлер қазақ халқының дәстүрлі аспаптық музыкасының байлығын паш етсе, қазақ музыкалық шығармаларының заманауи интерпретациялары ұлттық өнердің сабақтастығы мен даму үрдісін көрсетті.









