БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСТА ҚАРАЛДЫ

    1 / 5

    Бүгін Қызылорда қаласында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

    Жиын облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбеттің төрағалығымен өткізілді.
    Басқосуға қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, учаскелік полиция инспекторлары, білім беру ұйымдарының басшылары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар мен педагог-психологтар қатысты.

    Отырыста балалар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы, балалардың психологиялық қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

    Жиында басты назар құқық бұзушылықтың салдарымен күресуге емес, оған алып келетін себептерді алдын ала анықтауға аударылды.

    «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында профилактикалық жұмыстарды күшейту, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау, олардың отбасылық және әлеуметтік жағдайын зерделеу қажеттігі атап өтілді.

    Облыстық полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ердаулет Жаукеев 2026 жылдың 10 айындағы құқық бұзушылықтардың жай-күйі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.

    Талқылау барысында жасөспірімдер арасындағы және балаларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу шараларын күшейту қажеттігі айтылды. Осыған байланысты жауапты органдарға әрбір құқық бұзушылықтың себептерін жеке талдау, тәуекел тобындағы балалармен жұмысты жандандыру және түнгі уақытта олардың қараусыз жүруіне жол бермеу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

    Балалардың мектепте ғана емес, спорттық секцияларда, шығармашылық үйірмелерде және қосымша білім беру ұйымдарында да қауіпсіз болуы маңызды екені ерекше атап өтілді. Осы бағытта балалармен жұмыс істейтін мамандарға бақылауды күшейту, қауіпсіздік талаптарын қайта қарау, сондай-ақ жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысу кезінде ата-аналардың хабардар болуы мен келісімін қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру мәселелері көтерілді.

    Сонымен қатар мектеп аумақтарының жарықтандырылуы, бейнебақылау жүйелерінің жұмысы және білім беру ұйымдарының қауіпсіздік талаптарын сақтауына назар аударылды.

    Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша білім басқармасы тарапынан білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстары, оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және ыстық тамақпен қамту бағытындағы жұмыстар тарқатылды.

    Жиында «Адал азамат», «Саналы ұрпақ» жобалары мен «Заң мен тәртіп» сабақтарының нақты тәрбиелік нәтижесіне басымдық беру қажеттігі айтылды. Мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мектеп асханаларындағы тағам сапасына бақылауды күшейту міндеттері қойылды.

    Облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасының басшысы Ерлан Бәкіров балалардың психологиялық саулығын қорғау, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және жергілікті комиссиялардың қызметін жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

    Бұл ретте балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте байқау, психологиялық қолдауды уақытылы ұйымдастыру, білім беру, денсаулық сақтау, полиция және әлеуметтік қорғау органдарының бірлескен жұмысын күшейту қажеттігі атап өтілді.

    Комиссиялардың жұмысы тек әкімшілік құқық бұзушылықтарды қараумен шектелмей, өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір баланың мәселесін нақты шешуге бағытталуы тиіс.

    Сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы және мүгедектігі бар балаларды қолдау шаралары туралы хабарлама жасады. Әлеуметтік қиындыққа тап болған отбасыларды дер кезінде анықтау, балаларға қажетті көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау мәселелері қаралды.

    Отырыс қорытындысымен жауапты мемлекеттік органдарға профилактикалық жұмыстардың сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналармен байланысты күшейту және ведомствоаралық үйлестіруді жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бірқатар тапсырмалардың орындалуы жөніндегі ақпаратты бір апта мерзімде ұсыну міндеттелді.

    Баланың қауіпсіздігі – бір ғана мекеменің емес, барлық жауапты органның ортақ міндеті. Сондықтан комиссия отырысында көтерілген мәселелер бойынша формалды есептілікке емес, нақты нәтижеге қол жеткізу және әрбір баланың құқығы мен мүддесін қорғау басты басымдық ретінде белгіленді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қызылорда облысының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасы" жаңалықтары