
Бүгін балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған жиыны өткізілді.
Кездесудің негізгі өзегінде – «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2026–2030 жылдарға арналған ведомствоаралық жұмыс жоспарының орындалу барысы, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау, оларды жеке сүйемелдеу және тәлімгерлік институтын тиімді ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Басқарма басшысы Ерлан Бәкіров өмірлік қиын жағдайға тап болған, құқық бұзушылық жасау қаупі бар немесе полиция органдарының есебінде тұрған балаларға қатысты жұмысты тек бақылаумен шектемей, олардың әлеуметтік ортасын зерделеу, отбасымен жұмыс жүргізу және қажетті қолдауды дер кезінде ұйымдастыруға ерекше назар аударды.
Жиында Қызылорда облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция аға инспекторы Раушан Абдразакова полиция органдарында тіркелген балалардың жағдайы және олармен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы баяндады.
Ал басқарманың балалардың құқығын қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Шолпан Жүнісова кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, тәуекелдерді ерте анықтау және балаларды жеке сүйемелдеуге арналған өңірлік алгоритмді таныстырды.
Отырыста полиция органдарында тіркелген отбасылардың балаларына әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, мәслихат депутаттары және бизнес қауымдастығы өкілдері арасынан тәлімгерлер бекіту мәселесіне де ерекше мән берілді. Тәлімгердің міндеті – баланы бақылау ғана емес, оған сенім білдіретін, дұрыс бағыт көрсететін және қиын кезеңде тұрақты қолдау көрсететін тұлға болу.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын жүйелі енгізу, «Адал азамат» бағдарламасы аясындағы тиімді тәрбие тәжірибелерін тарату, балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және ведомствоаралық байланысты күшейту бағыттары талқыланды.








