635 грамм α-PVP және 350-ден астам түйіншек: Өскеменде интернет-дүкеннің есірткі таратушысы ұсталды
Интернет арқылы оңай табыс табу туралы хабарландыру 20 жастағы басқа облыс тұрғынын қылмыстық іске әкелді. Ол интернет-дүкен үшін есірткі заттарын өлшеп, түйіншектерге бөліп салумен айналысқан.
Еңбегі үшін оған криптовалюта түрінде ақы төленіп отырған. Күдіктінің заңсыз әрекетін ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора» ЖПІШ аясында тоқтатты.
Жеке тінту кезінде одан ұнтақ тәрізді зат салынған 350 түйіншек табылды. Ал есірткі заттарын буып-түю жүргізілген жалдамалы пәтерден тағы 28 түйіншек пен екі ыдысқа салынған зат тәркіленді.
Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың α-PVP психотроптық заты екенін растады. Жалпы салмағы 635 граммды құрады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция оңай табыс туралы ұсыныстардың барлығы бірдей қауіпсіз жұмыс емес екенін ескертеді. Оның артында есірткі қылмысына тарту әрекеті тұруы мүмкін. Ал заңсыз тапсырмаларды орындауға келіскен әрбір адам заң алдында жауап береді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









