Аддис-Абеба, 2026 жылғы 6 қараша– Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі әрі Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаевтың БҰҰ Африка үшін Экономикалық комиссиясының Әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі дирекциясының директоры Зузана Швидвоскимен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Эфиопия арасындағы, сондай-ақ жалпы Африка елдерімен БҰҰ Африка үшін Экономикалық комиссиясы аясындағы ынтымақтастықты нығайту перспективалары туралы пікір алмасылып, талқылаулар жүргізілді.
Атап айтқанда, Эфиопиядағы шағын және орта бизнесті қолдау мәселелеріне арналған сарапшылық деңгейдегі бірлескен іс-шара ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылды. Кәсіпкерлік ортадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жастар мен әйелдердің біліктілігін арттыру, оларды жаңа заманауи цифрлық технологиялар дағдыларына оқыту үшін жағдай жасау арқылы олардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар қазіргі заманғы экономикалық даму архитектурасында жасанды интеллект технологиялары мен цифрлық трансформацияның ерекше рөлін атап өтті. Осы контексте Қазақстан Елшілігі Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің E-Gov экосистемасын құруда тәжірибе бөлісуге және технологиялық көмек көрсетуге, сондай-ақ Эфиопиямен де, жалпы Африка елдерімен де спутниктік технологиялар саласында ынтымақтастық орнатуға дайын екенін растады.
Кездесу соңында болашақ ынтымақтастықтың практикалық қадамдарын әзірлеу үшін бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









