Ақмола облысы Астраханка ауылындағы №1 мектеп-гимназияда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 1967 жылы салынған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, оқу кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оқушылардың білім алуына және қабілеттерін дамытуына қолайлы жағдай жасалды. Жұмыс сапары барысында білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты.
Жаңғырту жұмыстары 2024 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Нәтижесінде 18 оқу кабинеті жаңартылып, төрт зертхана жабдықталды. Сонымен қатар оқушылардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін дамыту мақсатында телестудия, арт-студия мен робототехника кабинеті ашылды. Мұнда балалар заманауи технологияларды меңгеріп, өз жобаларын жүзеге асыра алады.
Сапар барысында өңір басшысына ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері таныстырылып, химия және физика сабақтарының барысы көрсетілді. Сондай-ақ оқушылар IT саласындағы өз жобаларын ұсынып, цифрлық шешімдердің оқу үдерісінде қалай қолданылатынын баяндады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қабілеттерін дамытуға бағытталған технологиялық мүмкіндіктер де таныстырылды.
Оқушылармен әңгімелесу барысында Марат Ахметжанов сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасаумен қатар, мектептің материалдық базасын күтіп ұстау мен оған ұқыпты қараудың маңызын атап өтті.
«Білім – балаларымыздың және тұтас өңірдің болашағының іргетасы. Мемлекет басшысы оқушыларға қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Осыған орай облыстың барлық ауданында мектептерді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептерді жаңа технологиялармен және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ғана емес, жасалған дүниені күтіп ұстау да маңызды. Мектеп – баршамызға ортақ құндылық. Сондықтан оны сақтап, тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені дәл осы жерде еліміздің болашағы қалыптасып, дарындар ашылып, жаңа идеялар дүниеге келеді», – деді облыс әкімі.
2025 жылы білім ордасына гимназия мәртебесі берілді. Соның нәтижесінде оқу бағдарламасын кеңейтіп, жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытуға мүмкіндік туды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









