Марат Ахметжанов Бұланды ауданының тұрғындарымен кездесті

    1 / 10

    Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бұланды ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Сондай-ақ тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды.

    Кездесуде өңір басшысы ауданның облыстық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосып отырған елеулі үлесін атап өтті.

    «Бұланды ауданының экономикалық әлеуеті жоғары. Дамыған агроөнеркәсіп кешенінің арқасында аудан облыста өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің шамамен 15%-ын қамтамасыз етіп отыр. Биыл диқандар гектарына орта есеппен 24,3 центнерден өнім алып, 442,5 мың тонна астық жинады. Майлы дақылдардың жалпы түсімі 108 мың тоннаға жетті. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілген мемлекеттік қолдау көлемі 31,8 млрд теңгені құрады»,–деді Марат Ахметжанов.

    Ауыл шаруашылығымен қатар ауданда инвестициялық жобалар да жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін Никольское ауылында мал азығына арналған ұн өндіретін зауыт пен элеватордың құрылысын аяқтау жоспарланған. Нысандар іске қосылғаннан кейін 30-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

    Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Макинск қаласында тұрғындар 30 жылға жуық күткен бассейн салынды. Сондай-ақ қаладағы №1 мектеп күрделі жаңғыртудан өтті.

    Кездесуде өткен жылы тұрғындар көтерген мәселелердің шешілуіне ерекше назар аударылды. Сол кездегі өтініштер бойынша берілген тапсырмалардың бірқатары орындалып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

    Атап айтқанда, Макинск қаласының Каменный карьер шағын ауданында жылдар бойы қордаланған жылумен қамту мәселесі шешілді. Ұзындығы 3,1 шақырым жылу желісі тартылып, жеке тұрғын үйлер орналасқан жеті көше орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Сонымен қатар екі әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілді. Жергілікті халық бұл мәселенің шешімін 15 жылдан астам уақыт күткен болатын.

    Тағы бір маңызды жаңалық – Вознесенка ауылында заманауи Мәдениет үйінің ашылуы. Жиырма жылдан кейін ауылда тұрғындардың басын қосатын мәдени орталық пайда болды. Мұнда спорт залы да қарастырылып, шығармашылықпен және спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасалған.

    Тұрғын үй саласында да ілгерілеу бар. Макинск қаласында жалпы саны 120 пәтерден тұратын екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жаңа баспаналар апатты жағдайдағы үйлерден көшірілетін азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған.

    Сонымен бірге облыс әкімі алдағы уақытта жүйелі жұмысты қажет ететін міндеттерге тоқталды. Олардың қатарында автомобиль жолдарын жөндеу, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері бар.

    Ауданның дамуына тың серпін беретін маңызды жобалардың бірі – «Есіл – Астана» магистральдық газ құбыры. Алдағы уақытта бұл жоба арқылы 29 мыңнан астам адам тұратын ауданның барлық 32 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

    Су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Негізгі міндеттердің қатарында Қайрақты және Иванковка бөгеттерін қалпына келтіру бар.

    Өңір басшысы инвесторлар тарту, мал шаруашылығын дамыту және ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға кеңінен қатыстыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

    «Бүгінде әкімдердің міндеті тек бюджет қаражатын тиімді жұмсаумен шектелмеуі тиіс. Әр аумақтың кірісін арттыруға күш салу қажет. Ол үшін әрбір елді мекеннің әлеуетін дұрыс бағалап, инвесторлар тартып, жергілікті жерлерде жаңа өндіріс орындарының ашылуына жағдай жасау маңызды»,–деп атап өтті Марат Ахметжанов.

    Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі ауданда ауқымды жұмыстар атқарылғанын, алайда алда шешімін күткен міндеттер әлі де бар екенін жеткізді. Басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және әрбір елді мекенде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары