2026 жылғы 4–5 қарашада Алматы қаласында «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің Басқарма Төрағасы Нұрғали Арыстанов ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Орталық Азия үшін табиғи апаттар қаупін азайту және тұрақтылықты арттыру жөніндегі өңірлік семинар аяқталғаннан кейін, Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Шығыс және Орталық Азия мен Кавказ департаменті Орталық Азия және Кавказ басқармасының үйлестірушілері Такасака Мунео және Иваи Сакурамен, Төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың қауіп-қатерін төмендету орталығының (ТЖТАҚТО) Директорының орынбасары Нұрлан Бекбосыновтың қатысуымен кездесу өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңірдің тұрақты дамуына бағытталған өзара іс-қимылды жалғастыру ниетін растады, тәжірибе алмасуға және өңірдегі табиғи апаттар қаупін азайту бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік білдірді.
Ислам даму банкі (ИДБ) Тобының Алматы қаласындағы өңірлік өкілдігінің (хабының) Басшысы Хаммад Хундалмен өткен кездесу барысында Нұрғали Арыстанов Агенттіктің Орталық Азия мен Ауғанстандағы серіктес елдерді дамытуға бағытталған жобалары туралы ақпарат беріп, Агенттіктің 2027 жылға арналған перспективті бағыттарымен бөлісті. Тараптар «Оңтүстік-Оңтүстік» форматындағы ынтымақтастық, үшжақты әріптестік және Қазақстанның озық тәжірибесін серіктес елдерге беру аспектілерін қарастырды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық саны саласындағы қорының (ЮНФПА) Субөңірлік кеңсесінің Басшысы, халықаралық әріптестік және бағдарламалар жөніндегі үйлестірушісі Сэржиу Эшперансамен кездесу аясында ЮНФПА мен KazAID арасындағы ынтымақтастық мәселелері, атап айтқанда денсаулық сақтау және климаттың өзгеруі салалары талқыланды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









