БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСТА ҚАРАЛДЫ

    1 / 4

    Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев облыс әкімінің орынбасары М.З. Шермағанбеттің төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кеңейтілген отырысына қатысты.

    Отырыста балалар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы, балалардың психологиялық қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

    Жиында басты назар құқық бұзушылықтардың салдарымен күресуге емес, оларға алып келетін себептерді алдын ала анықтауға аударылды. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында профилактикалық жұмыстарды күшейту, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау және олардың отбасылық әрі әлеуметтік жағдайын зерделеу қажеттігі атап өтілді.

    Облыстық полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ердаулет Жаукеев 2026 жылдың 10 айындағы құқық бұзушылықтардың жай-күйі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Талқылау барысында жасөспірімдер арасындағы және балаларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу шараларын күшейту қажеттігі айтылып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілді.

    Сондай-ақ Өкіл комиссия мүшесі ретінде сөз сөйлеп, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Астана шағын ауданында орналасқан Жасөспірімдер үйінің маңында учаскелік полиция пунктін ашу мәселесін көтерді.

    Балалардың мектептен тыс уақытта да қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерде қауіпсіздік талаптарын сақтау, балалармен жұмыс істейтін мамандардың қызметіне бақылауды күшейту, жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысу кезінде ата-аналардың хабардар болуы мен келісімін қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар мектеп аумақтарының жарықтандырылуы, бейнебақылау жүйелерінің жұмысы және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы қаралды.

    Білім басқармасы тарапынан білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстары, оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және ыстық тамақпен қамту бағытындағы жұмыстар баяндалды. «Адал азамат», «Саналы ұрпақ» жобалары мен «Заң мен тәртіп» сабақтарының тәрбиелік нәтижелілігін арттыру, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту және мектеп асханаларындағы тағам сапасын бақылау мәселелері де назарға алынды.

    Бұдан бөлек, балалардың психологиялық саулығын қорғау, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы және мүгедектігі бар балаларды қолдау мәселелері қаралды. Балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте анықтау, психологиялық көмекті уақтылы ұйымдастыру және тиісті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігі атап өтілді.

    Отырыс қорытындысымен жауапты мемлекеттік органдарға профилактикалық жұмыстардың сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналармен байланысты күшейту және ведомствоаралық үйлестіруді жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі" жаңалықтары