АЛМАТЫДА ЭПИЛЕПСИЯНЫҢ АУЫР ТҮРІМЕН АУЫРАТЫН БАЛАЛАРҒА ХИРУРГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ МҮМКІНДІГІ КЕҢЕЙДІ

    Алматы қаласындағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасында Қазақстанда алғаш рет балаларға арналған 128 арналы бейне-ЭЭГ мониторингі кешені жұмыс істей бастады. Жаңа жабдық эпилепсиялық ұстамалардың ошақтарын дәлірек анықтауға, нейрохирургиялық операцияларды жоспарлауға және еліміздің барлық өңіріндегі балаларға жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Кешен ауруханаға «Шеврон» компаниясының қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры тарапынан табысталды. Жүйе ми қызметінің электрлік белсенділігін ұзақ уақыт бойы тіркеп, бір мезгілде пациенттің бейнежазбасын жүргізуге мүмкіндік береді. Арналар санының көп болуы дәрігерлерге эпилепсиялық белсенділік ошақтарының орналасуын дәлірек анықтауға, эпилепсиялық ұстамаларды эпилепсиялық емес жағдайлардан ажыратуға және хирургиялық емдеу тактикасын таңдауға көмектеседі. Сонымен қатар жабдық имплантацияланған электродтар арқылы мидың терең құрылымдарының белсенділігін бақылауға мүмкіндік береді.

    Эпилепсиямен ауыратын кейбір пациенттерде дәрі-дәрмекпен емдеуге қарамастан ұстамалар жалғаса береді. Мұндай жағдай фармакорезистентті эпилепсия деп аталады. Бұл кезде хирургиялық емдеу әдістері қарастырылуы мүмкін. Атап айтқанда, эпилепсиялық белсенділік ошағын алып тастау немесе оны термиялық әдіспен жою жүргізіледі. Операция жасау туралы шешім кешенді тексеру нәтижелері, ошақтың орналасуы және хирургиялық араласудың ықтимал қауіптері ескеріле отырып қабылданады.

    Бұған дейін бейне-ЭЭГ мониторингі клиникаға сынақ мерзіміне берілген жабдықтың көмегімен жүргізіліп келді. Енді аурухананың өз кешенінің болуы мұндай зерттеулерді тұрақты негізде өткізуге мүмкіндік береді.

    Алматылық нейрохирургтермен бірлескен операцияларды өткізу үшін практикалық шеберлік сабағы аясында Алматыға Берлиндегі Шарите университеттік клиникасының (Charité – Universitätsmedizin Berlin) балалар нейрохирургиясы бөлімінің жетекшісі, балалар нейрохирургиясы және эпилепсияны хирургиялық емдеу саласының маманы, профессор Ульрих-Вильгельм Томале келді.

    Практикалық шеберлік сабағы аясында фармакорезистентті ошақты эпилепсиямен ауыратын 12 жастағы балаға бірегей операция жасалды.

    Науқаста екі жасынан бастап құрысу ұстамалары байқалған. Бірнеше құрысуға қарсы препаратпен ұзақ уақыт емделгеніне қарамастан, ұстамалар тоқтамаған.

    Клиникалық жағдайдың күрделілігі мен бұған дейін жүргізілген тексеру нәтижелерін ескере отырып, миға терең электродтар имплантациялау арқылы стереоэлектроэнцефалография жүргізу туралы шешім қабылданды.

    Бұл әдіс мидың әртүрлі терең құрылымдарындағы электрлік белсенділікті тікелей тіркеуге, эпилепсиялық ошақтың орналасуын анықтауға, ұстамалардың пайда болу механизмін нақтылауға және олардың таралу жолдарын зерттеуге мүмкіндік береді.

    Пациент үшін күтілетін нәтиже мен пайдасы

    Стереоэлектроэнцефалография жүргізу эпилепсиялық ошақтың орналасуы туралы нақты мәлімет алуға және кейінгі хирургиялық емдеудің мүмкіндігін анықтауға көмектеседі. Егер қауіпсіз әрі орынды деп танылса, патологиялық ошақты алып тастау немесе термоабляция әдісімен жою қарастырылуы мүмкін.

    Күтілетін клиникалық нәтиже – эпилепсиялық ұстамалардың жиілігі мен ауырлығын төмендету, баланың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік ортаға бейімделуін арттыру және алдағы уақытта ұстамаларды ұзақ мерзімді бақылауға алу.

    «Біздің ауруханада жоғары технологиялық диагностика мен емдеу әдістері кезең-кезеңімен енгізілуде. Жаңа 128 арналы бейне-ЭЭГ мониторингі кешені эпилепсиялық ұстамалардың ошақтарын дәлірек анықтауға, нейрохирургиялық операцияларды жоспарлауға және эпилепсияның ауыр түрлерімен ауыратын балаларға медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

    Біздің мамандар терең электродтарды имплантациялау әдісін меңгерген. Ал өз жабдығымыздың болуы осындай зерттеулер мен операцияларды тұрақты түрде жүргізуге мүмкіндік береді.

    Алдағы уақытта бұл бағытты Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне арналған эпилепсияны диагностикалау және хирургиялық емдеу жөніндегі референс-орталық деңгейіне дейін дамытуды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласындағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.

    Алдағы уақытта аурухана эпилепсияны диагностикалау және хирургиялық емдеу бойынша Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қызмет көрсететін референс-орталық деңгейіне дейін дамуды көздейді.

    «Дәрі-дәрмекпен емдеу ұстамаларды бақылауға мүмкіндік бермеген жағдайда балалардың заманауи диагностика мен емдеу әдістеріне қол жеткізуі аса маңызды. Жабдық сатып алуға және мамандарды оқытуға қолдау көрсету арқылы біз Қазақстанда осындай медициналық көмектің дамуына үлес қосуды көздейміз. Бұл отбасылардың ем алу мүмкіндігін іздеп, шетелге бару қажеттілігін азайтуға бағытталған», – деді «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Жанар Қошпанова.

    AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова жоғары технологиялық медициналық көмектің тиімділігі клиникалардың заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуіне ғана емес, дәрігерлердің біліктілігіне де байланысты екенін атап өтті. Сондықтан қор медициналық мамандарды практикалық тұрғыда оқытуға және халықаралық сарапшылармен ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі.

    Жаңа кешенді пайдалануға беру Қазақстандағы балалар эпилептологиясы мен нейрохирургиясын дамытудағы маңызды кезең болмақ. Бұл эпилепсияның ауыр түрлерімен ауыратын балаларды диагностикалау және хирургиялық емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы" жаңалықтары