Алматыдағы №37 емхананың тәжірибесі Қазақстан бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмектің бірыңғай стандартына негіз болды

    1 / 5

    Алматыдан бүкіл елге: №37 емхананың тәжірибесі медициналық-санитарлық алғашқы көмектің бірыңғай стандартына негіз ретінде алынды

    Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы №37 қалалық емхананың тәжірибесін бүкіл ел бойынша енгізіліп жатқан медициналық-санитарлық алғашқы көмектің (МСАК) бірыңғай стандартына негіз ретінде қабылдады. Бұл туралы Алматы қаласыны Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтты.

    Қазақстанның денсаулық сақтау басқармаларының басшылары Алматыдағы №37 қалалық емханаға барып, оның жұмысын ұйымдастыру тәртібімен және медициналық көмек көрсетудің заманауи тәсілдерін енгізу тәжірибесімен танысты.

    Алматының Бостандық ауданында 2025 жылы салынған емхана бір ауысымда 500 адамды қабылдайды. Қазір мұнда 41,5 мыңнан астам тұрғынға медициналық қызмет көрсетіледі.

    Медициналық мекеменің жұмыс жүйесі үш негізгі бағытқа құрылған: пациенттерге қолайлы жағдай жасау, медициналық қызмет сапасын арттыру және цифрлық технологияларды кеңінен қолдану. Мәселен, келушілердің уақытын үнемдеу үшін электронды кезек жүйесі енгізіліп, науқастар медициналық көмекке деген қажеттілігіне қарай қабылданады. Сонымен қатар емханада кедергісіз орта қалыптастырылған. Тұрғындар жиі баратын кабинеттер бірінші қабатқа орналастырылған.

    Медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында тәлімгерлік жүйесі, көшпелі бригадалар жұмысы, ішкі аудит және қызметкерлердің жұмысын бағалау тетіктері енгізілген. Емхана толық цифрландырылған. Мұнда дәрігерге онлайн жазылуға, телемедицина қызметін пайдалануға және басқа да цифрлық сервистерге жүгінуге болады.

    Мұнда алғашқы медициналық-санитарлық, консультациялық-диагностикалық және оңалту көмегі көрсетіледі. Науқастар магниттік-резонанстық томографиядан (МРТ), компьютерлік томографиядан (КТ), рентген және маммография тексерулерінен, сондай-ақ зертханалық және эндоскопиялық зерттеулерден өте алады. Сонымен қатар скрининг орталығы, күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия және оңалту орталығы жұмыс істейді.

    Бірыңғай стандарт пациенттердің медициналық қызмет алу тәртібін жеңілдетіп, бір жерде кешенді медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.

    Сапар барысында Қазақстанның денсаулық сақтау басқармаларының басшылары емхана жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерімен, цифрлық шешімдердің енгізілуімен және медициналық көмек көрсетудің заманауи тәсілдерімен танысты.

    Айта кетейік, «МСАК бірыңғай стандарты» бағдарламасы бұған дейін Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының қолдауымен бекітілген.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары