Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов азаматтарды кезекті рет жеке қабылдады. Кездесу барысында тұрғындар білім беру, жастар саясаты, тарихи жадыны сақтау және қоғамдық бастамаларды қолдау мәселелерін көтерді.
Атап айтқанда, балаларға арналған көркем фильм түсіруге қолдау көрсету жөніндегі ұсыныстар, Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына арналған іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ қаланың көрнекті азаматтарының есімін дәріптеу мәселелері қаралды.
Өтініштердің бір бөлігі білім беру саласына қатысты болды. Тұрғындар оқу процесін ұйымдастыру, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жекелеген білім беру ұйымдарының қызметі және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мәселелерін көтерді.
Сонымен қатар, ардагерлер ұйымдарын, оның ішінде Чернобыль ардагерлері бірлестігін қолдау, әлеуметтік және жастар жобаларын іске асыру, сондай-ақ заңнамалық бастамалар мәселелері талқыланды.
Ұсынылған бастамалардың қатарында оқушыларға патриоттық тәрбие беруге бағытталған авторлық білім беру курсының ауқымын кеңейту мәселесі де бар. Наурызбай ауданында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылған курсты қаланың өзге аудандарында да енгізу ұсынылды.
Әрбір өтініш бойынша ұсыныстар тыңдалып, бейінді басқармалар мен құзырлы органдардың қосымша пысықтауын қажет ететін мәселелер айқындалды.
Барлық өтініштер жұмысқа қабылданды. Жауапты мемлекеттік органдарға көтерілген мәселелерді өз құзыреті шегінде жан-жақты зерделеп, өтініш иелеріне заңнамада белгіленген тәртіппен кері байланыс беру тапсырылды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









