Куала-Лумпур, 2026 жылғы 5 қараша – Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшісі Мәлік Мырзалин Малайзияның орта бизнес компаниялары консорциумының (Malaysian Consortium of Mid-Tier Companies, MCMTC) президенті Мартин Анг бастаған делегациямен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа іскерлік байланыстар орнату және бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
MCMTC президенті 11–13 қарашада Алматы қаласында өтетін FoodExpo Qazaqstan 2026 халықаралық азық-түлік көрмесіне қатысу мақсатында Қазақстанға ауқымды іскерлік миссия ұйымдастыруға дайындық жұмыстары туралы хабардар етті. Делегация құрамына MCMTC мүшелерін қоса алғанда, Малайзияның 48-ден астам компаниясының, сондай-ақ елдің мемлекеттік органдары – Ішкі сауда және өмір сүру құны министрлігінің (KPDN), Кәсіпкерлік және кооперативтерді дамыту министрлігінің (KUSKOP) және Малайзияның сыртқы сауданы дамыту корпорациясының (MATRADE) өкілдері кіреді деп күтілуде.
Тікелей іскерлік байланыстарды дамыту мақсатында Елшіліктің қолдауымен малайзиялық делегация үшін Қазақстан–Малайзия бизнес-форумын және Қазақстанның мүдделі мемлекеттік органдары мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен бірқатар B2B кездесулерін ұйымдастыру жоспарлануда.
Елші екіжақты сауда айналымын ұлғайту және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтіп, Қазақстанда бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалғанын және еліміздің малайзиялық компанияларға Орталық Азия нарықтарына шығу үшін кең мүмкіндіктер ұсынатынын жеткізді.
Кездесу барысында Қазақстанда ашылып жатқан жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды. Елші сұхбаттастарын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Жолдауында айқындалған, ел инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуды және республика бойынша ірі құрылыс жобаларын іске асыруды көздейтін негізгі басымдықтармен таныстырды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы 2027 жылды Ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынғанын атап өтті. Бұл бастама көлік, энергетика, құрылыс және инженерлік инфрақұрылымды дамыту салаларында шетелдік инвесторлар үшін қосымша мүмкіндіктер ашпақ.
Осы орайда Елші MCMTC мүшелері мен басқа да малайзиялық компанияларды жаңа мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға, оның ішінде қазақстандық кәсіпорындармен әріптестік байланыстар орнату арқылы еліміздегі инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Мартин Анг алдағы іскерлік миссияны ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы мен жәрдемі үшін Елшілікке алғыс білдіріп, Малайзияның іскер топтары Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Малайзия кәсіпкерлері арасында нақты бірлескен жобаларды ілгерілетуге бағытталған жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









