Малайзияда Республика күніне орай қазақстандық студенттерге арналған дәріс өтті

    1 / 4

    Куала-Лумпур, 2026 жылғы 21 қазан – Республика күні қарсаңында Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігі малайзиялық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің Қазақстан қор биржасының (KASE) өкілдерімен кездесуін ұйымдастырды.

    Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Малайзиядағы консулы Қыран Орынбеков қатысушыларды алдағы ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің тарихи маңызына, сондай-ақ елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға тоқталды.

    Консул жастарға қатысты мемлекеттік саясатқа ерекше назар аударды. Атап айтқанда, ол биылғы наурыз айында қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясы едәуір дәрежеде жас ұрпақтың мүддесіне бағытталғанын және олардың өмірлік бағдарын айқындайтын маңызды құжат болуға тиіс екенін атап өтті.

    Дәріс барысында KASE академиясының директоры Абылай Сыздықов Қазақстан қор биржасының қызметі, оның елдің қаржы жүйесіндегі рөлі және ұлттық капитал нарығының жұмыс істеу ерекшеліктері туралы кеңінен баяндады.

    Қатысушылар негізгі қаржы құралдарымен, биржалық сауда тетіктерімен және қор нарығының негізгі қатысушылары арасындағы өзара іс-қимыл жүйесімен танысты. Инвестициялау мәселелері мен инвестициялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.

    Бағдарламаның екінші бөлімі қаржы саласындағы мансаптық мүмкіндіктерге арналды. KASE басқарушы директоры Махаббат Ермекбаева капитал нарығында сұранысқа ие мамандықтар, қажетті білім мен дағдылар, сондай-ақ Қазақстан қор биржасында кәсіби тұрғыдан өсу және мансап құру перспективалары туралы айтып берді.

    Интерактивті сессия барысында студенттер KASE өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Қазақстанның қаржы секторында жұмысқа орналасу және кәсіби даму мүмкіндіктерінің практикалық қырларын талқылады.

    Дәріс студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға және Қазақстандағы кәсіби мүмкіндіктер туралы түсініктерін кеңейтуге ықпал етті. Республика күні қарсаңында өткен бұл кездесу шетелде білім алып жатқан жас отандастарымыздың отансүйгіштік рухын нығайту, ұлттық болмысын сақтау және елдің болашақ дамуындағы өз рөлін сезіну тұрғысынан ерекше мәнге ие болды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігі" жаңалықтары