Жетісу облысы Көксу ауданының прокуратурасы еңбек заңнамасының сақталуына талдау жүргізіп, жұмыскерлердің құқықтарының бұзылғанын анықтады. Медициналық мекемелердің деректерін салыстыру нәтижесінде соңғы екі жылда 50-ден астам жұмыскердің жыл сайынғы скринингтік тексерулерден өтпегені, ал жұмыс берушілердің оларға заңнамада көзделген әлеуметтік демалыс бермегені белгілі болды.
Сонымен қатар, 70 жұмыскерге қатысты еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары жасалмаған. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді Электрондық еңбек биржасында орналастырмағаны анықталды. Бұл жұмыссыз азаматтардың уақытылы жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін шектеген.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша аудан прокуратурасы қадағалау актісін енгізіп, оны қарау нәтижесінде 25 жұмыс беруші әкімшілік жауаптылыққа тартылды. 700-ден астам азаматтың еңбек құқықтары қалпына келтіріліп, 50-ден астам жұмыссыз адам жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент бойынша берешегі бар және пробациялық бақылауда тұрған 7 адам бар.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және жұмыспен қамту саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету Жетісу облысы прокуратурасы қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.




