ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

    1 / 4

    ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

    5 қарашада Қызылорда облысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған басым бағыттарды кеңінен түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының кездесулері өтті.

    Алдымен Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» зиялы қауым, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өтті.

    Кездесуге Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Мұрат Әбенов пен Жанар Бимұратқызы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет және Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Б. Шәріпбеков қатысты.

    Келесі кездесу «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясында» энергетика саласының ардагерлері және жұмысшы мамандармен өткізілді.

    Аталған кездесуге Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев, Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов және Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары А. Сагимбаева қатысты.

    Кездесулер барысында Президент Жолдауында айқындалған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары кеңінен талқыланды.

    Мемлекет басшысы Жолдауында болашақ экономикасына көшудің құқықтық негізін қалыптастыру үшін жаңа Азаматтық кодекс қабылдаудың маңыздылығын атап өткен болатын.

    Бұл бастама экономикалық қатынастарды заман талабына сай жаңғыртуға, кәсіпкерлік қызметтің құқықтық кепілдіктерін нығайтуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған.

    Елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы орайда Жолдауда әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, азаматтардың экономикалық дербестігін қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше мән берілген.

    Сонымен қатар, электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету елдің экономикалық дербестігі мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды фактор екені атап өтілді. Мемлекет басшысы еліміздің 2029 жылға қарай электр энергиясын қажеттіліктен артық өндіретін деңгейге жетуі жөнінде стратегиялық міндет қойған болатын.

    Жолдауда Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетіне де ерекше назар аударылып, күрделі климаттық жағдайға қарамастан, өңір диқандарының жүгері мен соя өсіру бағытында нәтижелі жұмыс атқарып жатқаны атап өтілді.

    Сондай-ақ Қызылорда облысының кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Онда экономиканы жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, заңнаманы жетілдіру және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері талқыланды.

    Жалпы, кездесулер барысында Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы басымдықтар кеңінен түсіндірілді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті" жаңалықтары