Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауы.
Әлеуметтік саясат: табысты арттыру және азаматтарды атаулы қолдау
Әлеуметтік саясат мұқтаждарды қолдауды әл-ауқатты өз бетінше арттыруға жағдай жасаумен ұштастыруы тиіс. Мемлекеттік ресурстарды неғұрлым тиімді пайдалану, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және еңбек ету мүмкіндіктерін кеңейту басымдыққа айналуда.
Президент негізгі қағидатты белгіледі: «Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы».
Соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 трлн теңге бағытталды. Сонымен қатар тиімсіз қолдау тетіктерін қайта қарау, негізсіз төлемдерді болдырмау және қаражаттың әділ бөлінуін қамтамасыз ету талап етіледі.
Жаңа шешімдерді әлеуметтік осал азаматтардың жағдайын ескере отырып, алдын ала пилоттық режимде тексеру қажет.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өседі. Бұл 1,8 млн-ға жуық адамның, оның ішінде 370 мыңнан астам бюджет саласы қызметкерінің табысын арттырады.
Шағын және орта бизнестегі жұмыспен қамтудың 4,5 млн адамға дейін өсуі кәсіпкерліктің халық табысын қалыптастырудағы маңызын көрсетеді.
Әлеуметтік қолдаудың жаңа шараларын іске асыру кезінде Үкіметке атаулылықты, қаржылық тұрақтылықты және олардың азаматтар жағдайына нақты әсерін бағалауды қамтамасыз ету қажет. Бұл қосымша ресурстарды ең алдымен шын мәнінде көмекке мұқтаждарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік әділдік мемлекеттік көмектің мұқтаждарға жетуін, ал экономикалық дамудың адамдарға өз жағдайын жақсартудың нақты мүмкіндіктерін жасауын білдіреді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









