Шымкент қаласының спортшысы Ирина Юнусметова Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеу және стенд атудан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Отандасымыз әйелдер арасындағы 50 метр қашықтықтан шағын калибрлі тапаншамен нысана көздеу сайысында жоғары нәтиже көрсетіп, әлемнің үздік мергендері қатарынан көрінді.
Жарыс қорытындысы бойынша Ирина Юнусметова 537 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады.
Осылайша, шымкенттік спортшы Қазақстан құрамасының қоржынына әлем чемпионатының алғашқы жүлдесін салды. Алтын медальді 546 ұпай еншілеген Түркия өкілі Шеввал Илайда Тархан жеңіп алса, 542 ұпай жинаған Армения спортшысы Эльмира Карапетян күміс жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, Дохадағы нысана көздеу және стенд атудан әлем чемпионаты 1-14 қараша аралығында өтуде
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









