Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада кезекті бүйрек трансплантациясы сәтті орындалды. Бұл жолы қос бүйрегі де қызметін тоқтатқан науқасқа туған бауыры донор болып, бір бүйрегін сыйлады.
Науқас 10 жылдан бері қант диабетімен ауырады. Ұзақ уақыт бойы қандағы қант деңгейінің жоғары болуы бүйрек қызметінің бұзылуына әкеліп, соңғы жылдары тұрақты түрде диализ қабылдауға мәжбүр болған.
Дәрігерлердің айтуынша, бүйрек трансплантациясы бірнеше күрделі кезеңнен тұрады. Алдымен донордан бүйрек алынып, арнайы ерітіндімен өңделіп, трансплантацияға дайындалады. Кейін донорлық ағза реципиенттің денесіне орналастырылып, қан тамырларына жалғанады. Операция барысында бүйректің қан айналымы мен қызметі жіті бақыланады.
Бұл жолғы отаның ерекшелігі – донор мен реципиенттің туған бауыр болуы. Дәрігерлердің сөзінше, науқастың қан тамырларының жағдайы да күрделі болған. Себебі ұзақ жылдарға созылған қант диабеті ағзаға айтарлықтай әсер еткен.
Трансплантация нәтижесінде науқастың өмір сапасын жақсартуға және аптасына үш рет диализ қабылдау қажеттілігінен арылуға мүмкіндік бар. Енді мамандар оның жағдайын тұрақты бақылап, жаңа бүйректің қызметін қадағалайды.
Айта кетейік, бұл – Шымкент қаласында жасалған 257-ші бүйрек трансплантациясы.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









