Арнайы операциялар күштерінің оқу орталығында қызыл күрең берет кию құқығына арналған жыл сайынғы біліктілік сынақтары өтті. Ерлік пен рухтың, кәсіби шеберліктің символы саналатын беретті иелену үшін 170 үміткер бақ сынады.
Қызыл күрең берет – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің нышаны. Беретті лауазымына немесе еңбек өтіліне қарай берілмейді. Оған тек лайықты еңбегімен ғана қол жеткізуге болады.
Сынақ бағдарламасына арнайы пәндер кешені енгізілді. Олардың қатарында таулы жердегі даярлық, медициналық және радиодаярлық, әскери-жарылыс ісі мен ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеу бағыттары бар. Сондай-ақ атыс даярлығына да ерекше мән берілді. Үміткерлер нысана көздеудегі дәлдігін, қаруды сенімді меңгергенін және жоғары жүктеме жағдайында зейінін жоғалтпайтынын көрсетуі керек.
Сынақтың ең күрделі кезеңдерінің бірі арнайы тапсырмаларды орындай отырып, 30 шақырымдық марш жасау болды. Ол қоян-қолтық ұрыс жекпе-жектерімен аяқталды. Қорытынды кезеңде үміткерлерден төзімділік пен психологиялық тұрақтылық талап етілді.
Іріктеудің барлық кезеңінен сәтті өтіп, қажетті дайындық деңгейін дәлелдеген АОК әскери қызметшілері қызыл күрең берет кию құқығына ие болды. Оларға кәсіби шеберлік пен күрделі міндеттерді орындауға әзірліктің белгісі саналатын береттер салтанатты түрде табысталды.
Алайда қызыл күрең беретті иелену оны өмір бойы киіп жүруге кепілдік бермейді. Қызыл күрең берет иегері кәсіби даярлықтың қажетті деңгейін және басшылық пен ұжымның сенімін жоғалтқан жағдайда, оны тағу құқығынан айырылуы мүмкін.
Берет кию құқығына ие болу үшін біліктілік сынақтарын өткізу дәстүрі бірқатар мемлекеттердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да ведомстволарының арнайы бөлімшелерінде қалыптасқан.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








