Арнайы операциялар күштерінің спортшылары ММА-дан Қазақстан чемпионатында төрт медаль жеңіп алды

    Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері 22-25 қазан аралығында Астанада өткен аралас жекпе-жектен (ММА) Қазақстан Республикасының чемпионатында үш алтын және бір күміс медаль иеленді. Жарыс қорытындысы бойынша «Жаубасар» командасының төрт спортшысы да Қазақстан ұлттық құрамасының қатарына енді.

    Чемпионатқа алдын ала іріктеуден өткен өңірлік федерациялардың үздік спортшылары қатысты. Жүлделер әртүрлі жас санаттары бойынша сарапқа салынды. Жекпе-жектер Traditional және Modern тәртібі бойынша өткізілді.

    Арнайы операциялар күштерінің намысын қорғаған «Жаубасар» командасының құрамында Еламан Қуатов, Әбдірахман Өмірзақов және Аян Тұрсын Қазақстан чемпионы атанды. Ал Жұлдызай Ибраева күміс медаль жеңіп алды.

    Әскери спортшылар үшін бұл республикалық және халықаралық деңгейдегі алғашқы жетістік емес.

    2026 жылдың қаңтарында сержант Еламан Қуатов 120 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде аралас жекпе-жектен Азия чемпионы атанған болатын. Қытайда өткен жарыста ол Тайпей, Қытай және Өзбекстан спортшыларын жеңіп, жоғары нәтиже көрсетті.

    Аян Тұрсын мен Жұлдызай Ибраева да ірі республикалық жарыстарда тәжірибе жинақтаған спортшылар. Ағымдағы жылдың сәуір айында Қарағанды қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионатында Аян Тұрсын 53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленсе, Жұлдызай Ибраева 58 келіге дейінгі санатта қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ аталған жарыста Еламан Қуатов та қола медаль жеңіп алған болатын.

    ММА-дан қазан айында өткен Қазақстан чемпионаты алдағы халықаралық жарыстарға қатысатын ұлттық құраманы жасақтау кезеңдерінің бірі болды.

    Жарыс қорытындысы бойынша «Жаубасар» командасының төрт әскери қызметшісі де Қазақстан ұлттық құрамасының сапына қабылданып, аралас жекпе-жектен өтетін әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғау құқығын иеленді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі" жаңалықтары