Токио, 2026 жылғы 5 қараша – Жапония Парламентінің Халықаралық залында ҚР-дың Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаевтың Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы 35 жыл ішінде қол жеткізген негізгі жетістіктеріне және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының басты қағидаттарына арналған дәрісі өтті.
Іс-шараға Жапония Парламентінің қос палатасының депутаттарын, мәдениет қайраткерлерін, Қазақстан мен Орталық Азия бойынша сарапшыларды қоса алғанда, елдің саяси және қоғамдық топтарының 120-дан астам өкілі қатысты.
Қазақстандық дипломат қатысушыларды қазақ-жапон қатынастарының қазіргі басым бағыттарымен таныстырып, адами капиталды дамыту және стратегиялық маңызы бар минералдық ресурстарды игеру салаларындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті. Елші көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударып, Жапониядан Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы жүзеге асырылған сынақтық жүк тасымалдарының нәтижелері, сондай-ақ а.ж. желтоқсан айында Токио мен Алматы арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы туралы хабардар етті.
Қазақстанмен достық жөніндегі Парламенттік лиганың төрағасы Ясутоши Нишимура Қазақстанның Жапония үшін маңызды серіктес екенін растап, екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Сонымен қатар жапон тарапының екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Жапония Парламенті Өкілдер палатасының депутаты, билік басындағы Либералдық-демократиялық партияның қоғаммен байланыс жөніндегі штабының жетекшісі Такако Судзуки Қазақстанның саяси дамуының дәйекті сипатын жоғары бағалады. Ол халықаралық ахуалдағы белгісіздік жағдайында Жапония мен Қазақстан арасындағы тығыз ынтымақтастық Орталық Азия өңірінде ғана емес, халықаралық деңгейде де қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтудың маңызды факторы екенін атап өтті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









