
Токио, 2026 жылғы 8 қазан – Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның шетелдік инвестициялар институтының Президенті Кеничиро Хаяшимен кездесу өткізді.
Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасының негізгі баптарымен таныстырып, салықтық преференцияларға, субсидияларға және шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік кепілдіктеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, инвестициялық рәсімдерді барынша жеңілдету үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа сұхбаттасушыны назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, тараптар жапон компанияларының Қазақстандағы қазіргі қызметі мен олардың жұмыс жасау ауқымын кеңейту перспективаларын талқылады. Кездесу барысында цифрлық инфрақұрылым, маңызды пайдалы қазбалар, көлік, логистика және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін терең өңдеу сияқты басым салалардағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Осыған байланысты, Елші Қазақстанда өндірістерді оқшаулау ( локализациялау) және Жапониядан жоғары технологиялар трансферін жүзеге асыру үшін перспективалы бағыттарды бірлесе іздестіруді ұсынды. Өз кезегінде, Кеничиро Хаяши Қазақстан Республикасының инвестициялық мүмкіндіктерін тереңірек талдауға жәрдемдесуге және жапондық инвесторларға ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында негізгі тақырыбы «Тұрақтылықтан өсуге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» деп аталатын KGIR-2026 Қазақстандық жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстеліне ерекше назар аударылды. Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев жапондық шетелдік инвестициялар институтына мүше компанияларды аталған іс-шараға қатысуға шақырып, бұл форум нақты жобаларды таныстыру, сондай-ақ қазақстандық бизнеспен және мемлекеттік даму институттарымен тікелей байланыс орнату үшін тиімді алаң екенін атап өтті.
Анықтама үшін: Жапонияның шетелдік инвестициялар институты жапон компанияларының халықаралық нарықтарға шығуын ілгерілету және Жапония мен басқа елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында 1991 жылы құрылған. Ұйым өнеркәсіптік корпорацияларды, сауда үйлерін, қаржы институттары мен заң фирмаларын біріктіреді. Оның құрамына JBIC, JOIN, JICT сияқты мемлекеттік қолдау институттары, сондай-ақ Mitsubishi, Mitsui & Co., Sumitomo және ITOCHU сынды ірі корпорациялар кіреді.









