Ақтөбе облысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

    Ақтөбе облысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

    Ақтөбе облысы полиция департаментінде білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жеке күзет ұйымдарының басшыларымен жұмыс кеңесі өтті. Жиынға полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов төрағалық етті. Кездесуде мектептер мен колледждердегі күзет қызметін ұйымдастыру, қызметкерлердің біліктілігі және қауіпсіздік жүйелерінің тиімді жұмыс істеуі мәселелері талқыланды. Жеке күзет ұйымдарына күзетшілерді іріктеу кезінде белгіленген талаптарды қатаң сақтау тапсырылды. Атап айтқанда, 60 жастан асқан азаматтарды қызметке қабылдауға жол бермеу, қызметкерлердің тиісті даярлықтан және біліктілігін арттырудан өтуін, сондай-ақ күзетші куәлігінің болуын қамтамасыз ету міндеттелді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарына бекітілген полиция қызметкерлерімен тұрақты байланыста болу тапсырылды. Өткізу бекеттерінде оқушылардың тыйым салынған заттарды білім беру ұйымдарына алып кіруіне жол бермеу, нысандағы барлық бейнебақылау камераларына, оның ішінде "соқыр аймақтарды" қамтитын камераларға қолжетімділікті қамтамасыз ету және күзет бөлмелерін байланыс құралдарымен жабдықтау қажеттігі айтылды. Кез келген төтенше жағдай немесе құқық бұзушылық фактісі анықталған жағдайда құзырлы органдарға дереу хабарлау талап етілді. Полиция департаментінің басшылығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Жиын қорытындысы бойынша жеке күзет ұйымдарына білім беру нысандарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту және барлық қауіпсіздік жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді. Белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда жауапкершілік шаралары қолданылып, күзет қызметін көрсету шартын бұзу мәселесі қаралатыны ескертілді.




    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының Полиция департаменті" жаңалықтары