Зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілін есепке алу және оны растайтын құжаттар туралы

    1 / 2

    Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі – республикалық бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау.

    Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне және 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап кез келген қатарынан үш жыл үшін, жұмыстағы үзілістерге қарамастан есепке алынатын орташа айлық табысқа байланысты болады.

    Бұл ретте жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындауы үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде алты ай еңбек өтілі болуы қажет.

    Еңбек өтіліне қандай кезеңдер есепке алынады?

    Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтіліне мынадай кезеңдер есепке алынады:

    - жеке және заңды тұлғалар төлейтін еңбек шарттары бойынша жұмыс істеген кезең;

    - әскери қызмет өткеру кезеңі;

    - орта арнаулы және жоғары оқу орындарында білім алу кезеңі;

    - жұмыс істемейтін ананың немесе баланың нақты күтімін жүзеге асырған жұмыс істемейтін әкенің әрбір бала үш жасқа толғанға дейінгі күтім кезеңі, бірақ барлығы 12 жылдан аспауы тиіс;

    - 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаға күтім жасау кезеңі;

    - бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгде адамның көмегіне мұқтаж жалғызілікті екінші топтағы мүгедектігі бар адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ 80 жасқа толған қарт адамға күтім жасау кезеңі;

    Сонымен қатар Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметі қызметкерлерінің және халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің жұбайларының шетелде тұрған кезеңдері, сондай-ақ әскери қызметшілердің (мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді қоспағанда) және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жұбайларының өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде бірге тұрған кезеңдері еңбек өтіліне есепке алынады. Бұл кезеңдер жиынтығында 10 жылдан аспауға тиіс.

    Еңбек өтілі қандай құжаттармен расталады?

    1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілін растайтын негізгі құжат - еңбек кітапшасы.

    Еңбек кітапшасы болмаған, онда тиісті жазбалар көрсетілмеген, сондай-ақ түзетулер, дәлсіздіктер немесе алшақтықтар болған жағдайда еңбек өтілі мұрағаттық анықтамамен немесе сот шешімімен расталуы мүмкін.

    Расталатын кезеңге байланысты мынадай құжаттар ұсынылуы мүмкін:

    -диплом немесе білім туралы өзге де құжат;

    -әскери билет немесе қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) анықтамасы;

    -балалардың туу туралы куәліктері немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтамалар;

    -тиісті адамдарға күтім жасау фактісі мен кезеңін растайтын сот шешімі.

    Дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің жұбайларының шетелде тұрған кезеңін растау үшін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі берген, тиісті кезеңдер мен болған елдер көрсетілген анықтама ұсынылады.

    Әскери қызметшілердің жұбайларының өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған елді мекендерде бірге тұрған кезеңі әскери бөлімнің (мекеменің) бірлесіп тұрғанын және жұмысқа орналасу мүмкіндігінің болмағанын растайтын белгіленген нысандағы анықтамамен расталады.

    Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау кезінде зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі.Оған:

    - 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі;

    - міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) аударылған кезеңдер;

    МЗЖ аударылған кезеңдер туралы мәліметтер орталықтандырылған дерекқордың мәліметтері негізінде расталады.

    Міндетті зейнетақы жарналары толық аударылмаған немесе уақтылы аударылмаған жағдайларда тиісті кезеңдер қосымша құжаттармен расталуы мүмкін.Атап айтқанда, еңбек қызметін растайтын құжаттарда көрсетілген кезеңдерге сәйкес келген жағдайда жұмыс берушінің (құқық мирасқорының) немесе архив мекемесінің зейнетақы жарналарының аударылғаны туралы анықтамасы ұсынылады. Сондай-ақ МЗЖ аударылған кезең сот шешімімен расталуы мүмкін.

    Зейнеткерлік жасқа жақындаған азаматтарға еңбек кітапшасының бар-жоғын, ондағы жазбалардың дұрыс толтырылуын, жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату күндерінің сәйкестігін, мөрлер мен қолдардың болуын, сондай-ақ еңбек қызметін растайтын құжаттардың сақталуын алдын ала тексеру ұсынылады.

    Әсіресе 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі жұмыс кезеңдерін растайтын құжаттарға ерекше назар аудару қажет, өйткені бұл мәліметтер жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алу құқығын айқындау және оның мөлшерін есептеу кезінде маңызды рөл атқарады.

    Сонымен қатар 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек қызметі кезеңдері бойынша міндетті зейнетақы жарналарының аударылуы туралы мәліметтерді алдын ала тексерген жөн.

    Еңбек өтілін растау және зейнетақы төлемдерін тағайындау мәселелері бойынша азаматтар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелеріне жүгініп, алдын ала кеңес ала алады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ АСТАНА ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ » РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕКТТІК МЕКЕМЕСІ" жаңалықтары