Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында жылыту маусымындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған брифинг өтті.
Брифингте Жамбыл облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбек баяндама жасап, өңірдегі өрт жағдайы, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар және улы газдан уланудың алдын алу шаралары туралы айтып берді.
2026 жылдың басынан бері облыста 587 өрт тіркеліп, салдарынан 5 адам жарақат алған, 6 адам қаза тапқан. 2026–2027 жылғы жылыту маусымы басталғалы бері 11 өрт оқиғасы тіркелді. Жылыту маусымы 2027 жылғы 15 сәуірге дейін жалғасады.
Оқиғалардың алдын алу мақсатында ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен және еріктілермен бірлесіп, тұрғын үйлерді аралау, түсіндіру кездесулері мен профилактикалық тексерулер жүргізуде. Бүгінгі таңда профилактикалық жұмыстармен 29 168 адам қамтылды.
Сондай-ақ улы газды анықтайтын автономды датчиктерді орнатуға ерекше назар аударылуда. Биыл 1 730 датчик сатып алынып, оның 594-і орнатылды.
Брифинг соңында спикер тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, жылыту құрылғыларының жарамдылығын тексеруге, мұржаларды уақытылы тазалап, электр сымдарының жағдайына назар аударуға шақырды.
Қауіпсіздік әр үйден басталады. Қарапайым ережелерді сақтау адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Жамбыл облысы ТЖД
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







