Мүгедектіктің белгіленуі – азаматтың мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын пайдалануына мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өткеннен кейін қандай әрекеттер жасау қажет? Негізгі қадамдарды қарастырайық.
1. МӘС нәтижелері бойынша құжаттарды алыңыз
Сараптамалық шешім қабылданғаннан кейін eGov.kz порталындағы жеке кабинетте электрондық құжаттар қолжетімді болады:
мүгедектіктің белгіленгені туралы анықтама;
жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасының (ЖАОБ) әлеуметтік бөлігінен үзінді көшірме (егер әзірленген болса);
тиісті негіздер болған жағдайда, куәландыру нәтижелері бойынша басқа да құжаттар.
Құжаттарда мүгедектік тобы, себебі және белгіленген мерзімі көрсетіледі.
2. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны рәсімдеңіз
Мүгедектік белгіленген адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы.
Жәрдемақыны тағайындау үшін:
SMS арқылы келісіміңізді растап, проактивті қызметті пайдалана аласыз;
eGov.kz порталы арқылы өтініш бере аласыз;
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгіне аласыз.
Төлемді аудару үшін банктік шотыңыздың (IBAN) деректемелерін көрсету қажет.
Маңызды: жәрдемақының тағайындалғаны туралы хабарламаның келіп түскенін тексеріңіз. Мүгедектіктің белгіленуі мен жәрдемақының тағайындалуы – екі бөлек рәсім.
3. Жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасымен (ЖАОБ) танысыңыз
ЖАОБ адамның жеке қажеттіліктері мен тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, қажетті оңалту шараларын айқындайды.
Бағдарламада көзделген ұсынымдарға сәйкес мынадай қызметтер мен құралдар ұсынылуы мүмкін:
техникалық оңалту құралдары (кресло-арбалар, есту аппараттары, протездік-ортопедиялық бұйымдар және басқа да құралдар);
міндетті гигиеналық құралдар;
жеке көмекшінің қызметтері;
ымдау тілі маманының қызметтері;
санаторийлік-курорттық емдеу;
арнаулы әлеуметтік қызметтер.
4. Техникалық оңалту құралдары мен қызметтерді қалай алуға болады?
ЖАОБ-да көзделген техникалық оңалту құралдары мен жекелеген әлеуметтік қызметтерге тапсырыс беру Әлеуметтік қызметтер порталы — aleumet.egov.kz арқылы жүзеге асырылады.
Азамат жеткізушілердің ұсыныстарымен танысып, жеке бағдарламада көзделген қажетті құралдар мен қызметтерді таңдап, белгіленген тәртіппен тапсырыс бере алады.
5. Күнделікті өмірде көмек қажет болса
Тиісті көрсетілімдер мен негіздер болған жағдайда үйде, жартылай стационарлық немесе стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтерді рәсімдеуге болады.
Бұл қызметтерді ұсыну мәселесі адамның жеке қажеттіліктері мен заңнамада белгіленген өлшемшарттарды ескере отырып қарастырылады.
6. Егер мүгедектік белгілі бір мерзімге белгіленсе
Анықтамада көрсетілген қайта куәландыру күнін назарда ұстаңыз. Мүгедектікті ұзарту қажеттілігі туындаған жағдайда, медициналық тексеруден өту және МӘС-ке жолдама алу мәселесін шешу үшін тіркелген медициналық ұйымға алдын ала жүгіну қажет.
Есте сақтаңыз!
Мүгедектіктің белгіленуі – бұл тек топты анықтау ғана емес, сонымен қатар мемлекет тарапынан көзделген әлеуметтік қолдау, оңалту және көмек шараларын алу мүмкіндігі.
Ұсынылатын қызметтер мен оңалту құралдарының көлемі МӘС қорытындысы, ЖАОБ ұсынымдары және заңнама талаптары ескеріле отырып, әр адамға жеке айқындалады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








