ҚАЗАҚСТАН PIC/S ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ИНСПЕКТОРАТТАРЫНЫҢ БЕДЕЛДІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛУҒА ЖАҚЫНДАДЫ

    1 / 3


    Ағымдағы жылдың 2–3 қарашасында Ыстанбұл қаласында өткен отырыста Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы инспекторларының қатысуымен Қазақстанда 2027 жылы көшпелі бағалау миссиясы мен инспекция өткізу ресми түрде мақұлданды. Бұл – Қазақстанның беделді халықаралық PIC/S жүйесіне қосылу жолындағы маңызды кезең.

    PIC/S жүйесіне қосылу отандық дәрілік заттар өндірісін бақылау жүйесіне деген халықаралық сенімді арттыруға және қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

    Бірқатар елдерде GMP сертификатын берген органның PIC/S жүйесіне қатысуы өндірістің тиісті өндірістік практика талаптарына сәйкестігін тану кезінде ескеріледі.

    Қазақстандық өндірушілер үшін PIC/S жүйесіне қосылу шетелдік нарықтарға шығуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Ал ұлттық фармацевтикалық инспекторат үшін тәжірибе алмасу, мамандарды оқыту және инспекциялық тексерулерді жетілдіру мүмкіндіктерін кеңейтеді.

    Пациенттер үшін күтілетін негізгі нәтиже – дәрілік заттар өндірісінің сапасына қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды күшейту.

    Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі PIC/S жүйесіне қосылу туралы өтінімді 2025 жылғы наурызда жіберді. Сол жылдың қараша айында Гонконгта өткен PIC/S комитетінің отырысында өтінімнің толықтығы расталып, баяндамашы мен қосалқы баяндамашы тағайындалды.

    Дайындық шеңберінде фармацевтикалық инспекторлар GMP және GDP талаптары бойынша оқытылуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлескен оқыту аудиті өткізілді. PIC/S бағалауына дайындық жұмыстарына ДЗМБСҰО фармацевтикалық инспекторлары да қатысты. Инспектораттың ішкі рәсімдері өзектендіріліп, PIC/S талаптарына сәйкестендіру мақсатында нормативтік құқықтық актілерге, оның ішінде жоспардан тыс инспекциялар жүргізу тәртібіне қатысты өзгерістер енгізілді.

    Алдағы көшпелі миссия бағалаудың келесі кезеңі болмақ. Сарапшылар қазақстандық фармацевтикалық инспектораттың жұмысын тәжірибе жүзінде зерделеп, оның ішінде бақылаумен өткізілетін инспекцияның барысын бағалайды.

    Соңғы үш жылдың ішінде отандық фармацевтика өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның фармацевтикалық өнім экспорты 17,8%-ға өсті. Қазақстандық фармацевтикалық өнімнің басым бөлігі көршілес мемлекеттерге жеткізіледі.

    2025 жылдың қорытындысы бойынша отандық дәрілік заттар өндірісінің көлемі 37%-ға артып, 191 млрд теңгеге жетті. 2026 жылдың сегіз айында 157,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30%-ға жоғары.

    Соңғы екі жылда салаға салынған инвестиция көлемі 3,3 есе, ал экспорт көлемі 1,9 есе өсті.

    Анықтама: PIC/S – фармацевтикалық инспектораттардың халықаралық ынтымақтастық жүйесі. Ол инспекциялық рәсімдерді үйлестіруге, инспекторларды оқытуға және реттеуші органдар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" жаңалықтары