Жезқазған қаласында 100 төсектік онкология орталығы және бір ауысымда 250 адам қабылдайтын заманауи емхана салынады.
Жаңа нысандар Ұлытау облысының тұрғындарына медициналық қызметтерді тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді. Онкология орталығының құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасының шеңберінде жүзеге асырылуда.
Өңірге жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ұлытау облысының әкімі Есет Байкенмен бірге болашақ онкология орталығының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысып, жаңа емхананың құрылыс барысымен танысты.
«Бүгін біз Ұлытау тұрғындары көп жылдан бері күткен медициналық нысанның құрылысын бастаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде медициналық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Алдағы жылдары 70-тен астам денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Біздің басты міндетіміз – халықтың қажетті тексерулерден уақтылы өтіп, тұрғылықты жеріне жақын жерде тиісті ем алуына жағдай жасау», – деп атап өтті министр.
100 төсектік онкология орталығы облыстық көпбейінді аурухананың жаңа корпусында орналасады. Мұнда онкологиялық ауруларды ерте анықтау және мамандандырылған ем жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасалады.
Жобаның шеңберінде бір ауысымда 250 адам қабылдайтын консультациялық-диагностикалық орталықты да көшіру көзделген. Құрылыс жұмыстарын 2030 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Тағы бір маңызды нысан – Жезқазған қаласының Батыс ауданында салынатын, жалпы ауданы 8,4 мың шаршы метр болатын үш қабатты емхана. Мұнда диагностикалық кабинеттер, күндізгі стационар, зертхана, амбулаториялық хирургия орталығы және әйелдер консультациясы орналасады. Сонымен қатар жақын маңда тоғыз жедел жәрдем бригадасына арналған станция салынады.
Жаңа емхана қарқынды дамып келе жатқан аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Болашақта бұл аудан халқының саны 18 мың адамға дейін жетеді деп күтілуде.
«Маңыздысы – жаңа ғимараттар салу ғана емес, әрбір адамның қажетті медициналық көмекті уақтылы әрі тұрғылықты жеріне жақын жерде алуына жағдай жасау», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.
Жұмыс сапары шеңберінде Ақмарал Әлназарова Жезқазған қаласындағы Облыстық жоғары медициналық колледжге де барып, медицина кадрларын даярлау барысымен танысты және өңірдегі медициналық ұйымдардың басшыларымен кездесу өткізді.
Сапар қорытындысы бойынша министр құрылыс жобаларын уақтылы іске асыру, кадрлық әлеуетті нығайту және Ұлытау облысының тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









