ҚР ЖИЦДМ мен «Қазақтелеком» АҚ Қазақстанды жедел цифрландыру жобасы аясында серіктестік орнатты

    1 / 4

    Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жедел цифрландыру» жобасы шеңберінде өзара іс-қимыл меморандумына қол қойды.

    Ынтымақтастықтың басты бағыты — ауылдық жерлердегі телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту. Жоба аясында елдің 1000-нан астам ауылдық елді мекенінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жоспарланған. Бұл тұрғындардың заманауи цифрлық қызметтерге қол жеткізуіне кең жол ашады.

    Жобаны жүзеге асыру қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуды көздейді. Байланыс инфрақұрылымының кеңеюі ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: олар қашықтан білім алып, мемлекеттік қызметтерді желіде рәсімдей алады, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытып, күнделікті өмірге цифрлық шешімдерді енгізуге мүмкіндік алады.

    «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асырудағы басты міндет - ауылдық елді мекендердегі тұтынушыларға дейін оптикалық байланыс желілерін тікелей жүргізу.

    «АЕМ ТОБЖ 1.0» жобасы аясындағы магистральдық инфрақұрылымды 2018–2020 жылдары «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ салған болатын. Бүгінде біз «Қазақтелеком» компаниясының жергілікті шағын және орта байланыс операторларына өзінің магистральдық инфрақұрылымын пайдалануға рұқсат беруі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Бұл операторларға ауылдық елді мекендерде жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с болатын GPON технологиясы бойынша «соңғы миль» желілерін жедел орналастыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ҚР ЖИЦДМ Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.

    «Бүгінде сапалы интернет - бұл жай ғана байланыс құралы емес, өңірлерді дамыту мен халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың басты шарты. Ауыл тұрғындарының да ірі қала тұрғындары сияқты білім алуға, жұмыс істеуге және бизнес жүргізуге бірдей мүмкіндік алғаны біз үшін маңызды. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту - өңірлердің және бүкіл еліміздің болашағына салынған инвестиция», — деді «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік бизнес дивизионының бас директоры Асқар Қайыров.

    Қол қойылған меморандум бірлескен жұмысты үйлестіруге және жобаға қатысушылардың тиімді серіктестігіне негіз болады. Мемлекет пен елдегі ең ірі телекоммуникация операторының күш біріктіруі байланыс инфрақұрылымын дамытуды жеделдетуге әрі Қазақстанның ауылдық елді мекендерін одан әрі цифрландыру үшін берік технологиялық негіз қалауға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі" жаңалықтары