Қолдау көрсетіп, қамқорлық сыйлайтын жандарға алғыс

    1 / 7

    Ақмола облысында әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік өкілдері – күнделікті еңбегімен азаматтарға қамқорлық пен қолдау көрсетіп, ертеңгі күнге деген сенім ұялататын жандар құрметке бөленді.

    Кәсіби мерекеге орай салада еңбек ететін 2,5 мың қызметкердің арасынан үздіктері арнайы шақырылды. Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты көп жағдайда олардың кәсібилігіне, жауапкершілігіне және өз ісіне адалдығына байланысты.

    «Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында өңірде халықты тұрақты жұмыспен қамту қамтамасыз етілуде. Өңірлік карта аясында 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Алтынай Амренова.

    Ерекше назар аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын арттыруға және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдауға аударылуда. Өңірде 10 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.

    Облыста 30 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олар үшін кедергісіз орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы бес жылда оңалтудың техникалық құралдарына бөлінетін қаражат бес еседен астам өсті.

    «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Бүгінде олардың тәулік бойғы қамқорлығы жалғызбасты қарттарды және психоневрологиялық аурулары бар азаматтарды қоса алғанда, 4 мыңнан астам жерлесімізге қажет», – деп атап өтті Алтынай Байқадамқызы.

    Облыста стационарлық үлгідегі 10 ведомстволық бағынысты орталық табысты жұмыс істейді. Мұнда үй жағдайына барынша жақын орта қалыптастырылған.

    Әлеуметтік сала ардагерлеріне де ерекше алғыс айтылды. Олар ұлттық әлеуметтік қорғау жүйесінің негізін қалауға үлес қосып, ең қиын кезеңдерде де өз өмірін өзгелерге қамқорлық көрсетуге арнаған жандар.

    «Сіздердің мейірімділіктеріңіз, шынайылықтарыңыз бен мамандыққа деген адалдықтарыңыз жастар үшін үлгі-өнеге. Әрбір есім – облысымыздың тарих шежіресіндегі жеке бір парақ», – деп атап өтті Алтынай Байқадамқызы.

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамоталарымен «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Салтанат Жүндібаева және Степногорск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Анаргүл Мұхамедғалиева марапатталды. Сондай-ақ әлеуметтік саладағы үздік қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

    Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Гүлнар Джанбекова облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинаға Алғыс хат табыстап, әлеуметтік қызметкерлер еңбегінің қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.

    «Сіздердің ізгі де абыройлы еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағаланып, адамдарға жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын», – деп, ол әлеуметтік қорғау жүйесінің әрбір қызметкеріне ізгі тілегін білдірді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы" жаңалықтары