Қостанай облысы Жітіқара ауданының Приречное ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекетінің құрылысы аяқталып, салтанатты түрде ашылды. Өрт сөндіру бекеті Жітіқара қаласынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның ашылуы жалпы саны 800-ге жуық тұрғыны бар үш елді мекеннің өрт қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Марат Нұрғалиев, Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаев, ТЖД өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Ғимаратта өрт сөндіру техникасын орналастыруға арналған гараж боксы, санитарлық торап, ас үй және тынығу бөлмесі қарастырылған. Қызмет атқару үшін өрт сөндірушілерге жаңа жауынгерлік киім жиынтықтары берілді. Сонымен қатар аудан әкімі Аслан Жаныспаевқа жаңа өрт сөндіру бекетінің кілті, ал бекет қызметкеріне өрт сөндіру автокөлігінің кілті табысталды.
Салтанатты рәсім барысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері Төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы ерікті өртке қарсы құрылымдарды дамытудағы және шалғай елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды қадам болмақ.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









