Буэнос-Айрес, 2026жылғы29-30қазан – Қазақстан Республикасының делегациясы Аргентина тарапының төрағалығымен өткен Ядролық жабдықтаушылар тобының (ЯЖТ) 35-ші пленарлық отырысына қатысты.
Отырыс аясында ЯЖТ-ға қатысушы мемлекеттер ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық режимді нығайту, экспорттық бақылау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ ядролық материалдардың, жабдықтар мен технологиялардың қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Өз сөзінде Қазақстан ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мақсаттарына, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану қағидаттарына бейілділігін тағы да растады.
Сонымен қатар Қазақстанның атом саласын дамытудың жаңа кезеңіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, атом электр станцияларын салу жұмыстарына дайындық, заманауи ұлттық ядролық өнеркәсіпті қалыптастыру, ғылыми және білім беру әлеуетін арттыру, сондай-ақ жоғары технологиялық өндірісті дамыту мәселелері атап өтілді.
Сондай-ақ Қазақстанның ұлттық экспорттық бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқаны атап өтілді. Бұдан бөлек, еліміздің Вассенаар уағдаластықтарына, Аустралия тобына және Зымыран технологияларын бақылау режиміне қосылу жөніндегі жұмысты жалғастырып жатқаны айтылды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









