2026 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі шетел азаматтарының Қазақстанға келуіне арналған электрондық рұқсат беру жүйесін енгізуді көздейтін қаулы қабылдады.
Аталған жүйені енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады:
2026 жылғы 1 қарашадан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттерінде: Ақтау халықаралық әуежайында, сондай-ақ «Үрлітөбе» (Павлодар облысы), «Аухатты» (Жамбыл облысы), «Атамекен» (Түркістан облысы) және «Нұрлы жол» (Жетісу облысы) автокөлік өткізу бекеттерінде;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында;
2027 жылғы 1 наурыздан бастап – Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінің қалған бөлігінде;
2027 жылғы 1 шілдеден бастап – шетел азаматтары үшін Қазақстанға келуге арналған электрондық рұқсат міндетті болады. Оның болмауы елге кіргізуден бас тартуға негіз болады.
Өтпелі кезеңде, яғни 2027 жылғы 1 шілдеге дейін электрондық рұқсаттың болмауы өздігінен Қазақстан Республикасына кіруден бас тартуға негіз болып табылмайды.
Сонымен қатар шетел азаматтарына аталған рұқсатты алдын ала рәсімдеу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Жаңа жүйе көші-қон процестерін цифрландыруға, шетел азаматтары үшін рәсімдерді жеңілдетуге және елге келетін адамдарға қатысты алдын ала бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасына келуге арналған электрондық рұқсат шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін тегін болады және шетел азаматтарына арналған цифрлық платформа арқылы рәсімделеді.
Электрондық рұқсатты ресімдеу тәртібі
- QazETA ресми мобильді қосымшасын жүктеп алыңыз. Қосымша Google Play және App Store платформаларында қолжетімді. Сондай-ақ qazeta.kz сайтында веб-нұсқасы бар.
- Тіркелуден өтіңіз.Электрондық пошта мекенжайын немесе телефон нөмірін көрсетіп, оны растаңыз.
- ETA алуға өтінім беріңіз. Өтінімді Мемлекеттік шекараны жоспарланған кесіп өту күнінен кемінде 72 сағат бұрын беру қажет(жауап, әдетте, бірнеше минуттан жарты сағатқа дейінгі аралықта беріледі).
- Қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсыну:
◦Шетелдік паспорт (қолданыс мерзімі кемінде 6 ай болуы ұсынылады) немесе қабылданатын өзге де құжат (Ресей азаматтары үшін кейбір жағдайларда ішкі паспортты пайдалануға мүмкіндік берілуі мүмкін, бұл жөнінде қосымша арқылы нақтылау қажет);
◦Паспорттың сканерленген көшірмесі немесе фотосуреті (қосымша NFC-чиптегі ақпаратты оқи алады);
◦Сапар мақсаты, болжамды келу және кету күндері, байланыс деректері;
◦Қажет болған жағдайда қосымша құжаттар.
- Электрондық рұқсатты алыңыз. Рұқсат 180 күн бойы жарамды болады және осы кезең ішінде Қазақстанға бірнеше рет кіруге мүмкіндік береді.
Электрондық рұқсатты тікелей Мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктінде де рәсімдеуге болады.
Маңызды ақпарат
- ETA визаны алмастырмайды (егер виза талап етілсе), Қазақстанда болу мерзімін ұзартпайды және елге кіруге кепілдік бермейді.
- Электрондық рұқсатты рәсімдеу дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелеріне, ресми делегация мүшелеріне, Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломаттарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы визасы немесе тұруға ықтиярхаты бар адамдарданталап етілмейді.
- Сапар алдында qazeta.kz ресми сайтында орналастырылған өзекті ақпаратпен танысу ұсынылады.
Осылайша, электрондық рұқсат беру жүйесі елге келетін шетел азаматтары туралы мәліметтерді алдын ала тексеруге, көші-қон рәсімдерін жеңілдетуге және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде бақылау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Толық ақпарат үшін: QazETA — Digital Entry to Kazakhstan | ETA, E-Visa, Border Records
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









