Бағдадта Қазақстан мен Ирак сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өтті

    1 / 4

    Бағдад, 2026 жылғы 17 қазан - Қазақстан делегациясының Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 52-сессиясына (17-18.10.2026 ж., Бағдад) қатысуы шеңберінде Ирак Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Ирак сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың екінші раунды өтті.

    Екі ел делегацияларын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев пен Ирак Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхаммед Бахр Әл-Улюм басқарды.

    Консультацияларға Қазақстанның Ирактағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Талғат Шалданбай (резиденциясы Амман қаласы, Иордания) қатысты.

    Келіссөздер барысында тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйін, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытудың перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар, оның ішінде БҰҰ, ИЫҰ, АҚИҰ, АӨСШК шеңберінде өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

    Тараптар түрлі деңгейлерде өзара сапарларды ұйымдастыру, шарт-құқықтық базаны кеңейту және консулдық мәселелерге ерекше тоқталып өтті.

    Саяси консультациялар шеңберінде Таяу Шығыс реттеу үдерісімен, Парсы шығанағы өңіріндегі ахуалмен және басқа да өзекті мәселелермен қатар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасылды.

    Келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ИР Сыртқы істер министрлігі арасында саяси консультациялар туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.

    Тараптар Астана мен Бағдад арасындағы ұзақмерзімді әріптестікті әрі қарай нығайту мақсатында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстарды қолдау жөнінде уағдаласты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшілігі" жаңалықтары