2026 жылғы 28 қазанда Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Оразбай Мұрат Асқарұлы азаматтарды жеке қабылдады.
Қабылдау барысында Департамент басшысы мен камералдық бақылау бөлімшесінің қызметкерлеріне мемлекеттік сатып алу саласындағы тәуекелдерді талдауға арналған жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын қолданатын цифрлық платформа таныстырылды.
Әзірлеушінің ақпараты бойынша, платформа 21 тәуекел бейінін қамтиды. Оларды пайдалану мемлекеттік сатып алуларды бұзушылық тәуекелдерінің жоғары, орташа және төмен деңгейлері бойынша үш санатқа жіктеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ұсынылып отырған құрал әлеуетті тәуекелдер мен техникалық ерекшеліктердегі артық талаптарды анықтауға бағытталған.
Жобамен танысу қорытындысы бойынша Департамент басшысы мұндай бастамалардың сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттырудағы, мемлекеттік аудиттің тиімділігін жетілдірудегі, бұзушылықтардың алдын алудағы және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, әзірлеушіге құралды одан әрі жетілдіру бойынша тиісті түсіндірмелер мен ұсынымдар берілді. Атап айтқанда, ЖИ модельдерін қалыптасқан сот және құқық қолдану практикасы негізінде оқыту қажеттілігіне назар аударылды.
Айта кету керек, «Заң мен тәртіп» қағидатын және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мемлекеттік органдардың азаматтармен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен ашық диалог жүргізуін көздейді.
Осылайша, 2026 жылдың 10 айында Департамент басшысы азаматтарды, оның ішінде бизнес-қоғамдастық пен қауымдастық өкілдерін 8 рет жеке қабылдады.









