Гүл шоғын құрастыру, қыштан бұйым жасау, былғары өңдеу мен киіз басу. Қарағандыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер бас қосқан Abilympics өңірлік чемпионаты өтті. Өнер мен кәсіпті ұштастырған сайысқа қаланың үш колледжінен 12 студент қатысты.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында инклюзивті білім беруді дамытудың маңызын атап өткен болатын. Осы бағытта жұмыс жүргізіп келе жатқан Қарағанды жоғары инженерлік колледжі чемпионатты ұйымдастырып қана қоймай, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың кәсіп меңгеруіне де жағдай жасап отыр.

Қазір мұнда осындай 87 студент білім алады. Олардың бір бөлігі жалпы топтарда, қалғаны инклюзивті топтарда оқиды. Колледж ғимаратына көтергіш құрылғылар орнатылып, тактильді жолақтар төселген, арнайы санитарлық тораптар жабдықталған. Студенттер сәндік-қолданбалы өнер мен дизайнның түрлі бағыттарын меңгеріп жүр.

Байқауға ұйымдастырушы оқу орнынан бөлек, Қарағанды жоғары политехникалық және индустриялық-технологиялық колледждерінің студенттері де қатысты.

Олар төрт бағыт бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, «Флористика», «Былғарыдан бұйым жасау», «Киіз басу» және «Қыш өнері» бағыттарында үздіктер анықталды.

Сонымен қатар қатысушыларға скрапбукинг пен киіз басу өнерінен шеберлік сабақтары өткізілді.

Төрт бағыттың бәрінде де ұйымдастырушы колледждің студенттері топ жарды. Былғарыдан бұйым жасау сайысында Күнжан Қүмісбек, киіз басудан Ақниет Исатаева, қыш өнерінен Артур Николаев, ал флористикадан Людмила Жуматаева жеңімпаз атанды.
Екінші курс студенті Ақниет Исатаева «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандығында оқиды. Киіз басу өнеріне оның қызығушылығы мектеп кезінен басталған.

– Киізден түрлі бұйым жасағанды жақсы көремін. Әсіресе сылдырмақ жасаған ұнайды. Байқауда ыстық ыдыс қоюға арналған сәндік панно дайындау тапсырылды. Әуелі оның негізіне қажетті жүнді әзірлеп, сулап, басып алдым. Содан кейін бетіне сурет түсірдім. «Күнбасты адам» бейнесіндегі петроглифті таңдадым. Оны бірде көріп, есімде сақтап қалған едім, – дейді жеңімпаз.

Ал Артур Николаев байқау кезінде сазбалшықпен жұмыс істегенде дайын үлгіге сүйенбей, өз қиялына ерік бергенін айтады.

– Кішкентай кесе мен пиала жасағанды ұнатамын. Жұмыс үстінде шабыттанып, әр бұйымға жаңа өрнек ойлап табамын. Байқауда тақырып еркін болды, тек шағын мүсін жасау керек еді. Әуелі ұзын құйрық жасап қойдым. Содан кейін оның қолтырауын болатынын түсіндім, – деп әңгімеледі студент.


Айта кетейік, Abilympics – 1971 жылы Жапонияда бастау алған, бүгінде әлемнің көптеген елінде дамып келе жатқан халықаралық коммерциялық емес қозғалыс. Қазақстанда ұлттық чемпионаттар 2017 жылдан бері өткізіліп келеді.









