Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының мамандары өңірдегі газбен жабдықтау нысандарын аралап, кешенді түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Аталған іс-шараның басты мақсаты — өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы белгіленген заңнамалық талаптар мен нормалардың мүлтіксіз орындалуын бақылау, сондай-ақ ықтимал қатерлердің алдын алу. Тексеру мен нұсқама беру барысында тұрмыстық газ баллондарын пайдалану кезінде орын алуы мүмкін төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғаларды болдырмау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, өндірістік тозу шегіне жеткен әрі техникалық куәландырудан өтпеген баллондарды толтыруға және автогаз құю станцияларында тұрмыстық баллондарға газ айдауға қатаң тыйым салу жөніндегі заңнама талаптары нақтыланды.
Сонымен қатар газ шаруашылығы субъектілерінің өндірістік персоналына техникалық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертіліп, тиісті нұсқаулықтар мен ақпараттық-түсіндірме брошюралар таратылды. Осындай жүйелі профилактикалық шараларды жүзеге асыру өңірдегі өндірістік апаттардың қаупін төмендетуге және тұрғындардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыруға бағытталған.









