Әрбір азамат қоршаған ортаны ластағаны және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын түсінуі қажет.
Тек соңғы бір апта ішінде, 22–29 қазан аралығында, «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Жетісу облысының полицейлері 163 құқық бұзушылықты анықтады. Осы бағытта 20 мобильді топ құрылып, 72 рейд өткізілді.
Анықталған құқық бұзушылықтардың 161-і абаттандыру қағидаларын бұзуға, ал 2 дерек ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты. Құқық бұзушылардың бір бөлігі ескертіліп, қалғандары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қоршаған ортаның тазалығын сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Құрметті азаматтар! Тазалық – баршамызға ортақ міндет. Қоршаған ортаға ұқыпты қарап, тазалық пен тәртіпті сақтайық!









